Preview
№ 2 (2024)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)

ТЕОРИЯЛЫҚ ЛИНГВИСТИКА 

5-17 28
Аннотация

Зерттеудің басты идеясы – Ресей патшалығының қазақ жерін отарлаудың соңғы кезеңіндегі қазақ ауылдарының топонимдік портретін, географиялық образын айқындау арқылы ол жерлердің бағзы заманнан қазақ ру, тайпалары иелік еткен, көшіп-қонған төл атажұрты екендігін тарихи-дерекнамалық, топонимдік деректер арқылы дәйектеу.

Мақалада ХІХ-шы ғ. соңы – ХХ-шы ғ. бас кезеңіндегі Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс тарихи аймағының топонимдік бейнесін, тілдік контентін анықтау, микротопонимдердің мазмұнындағы этномәдени семантикасын айқындау мақсаты қойылды. Зерттеу өзектілігі аталмыш аймақтың ерте кезден қазақ ру, тайпаларына тиесілі атажұрты болғандығын топонимдік деректер арқылы дәйектеу қажеттілігімен байланысты болды.

Мақала тақырыбының жаңалығы мен ғылыми құндылығы – зерттеу аймағының микротопонимдері семантикасындағы аталымдық уәж, ашық тілдік код пен жабық кодқа салынған мәдени ақпараттар, атаулар семантикасындағы халықтық білімдердің сипатталуымен айқындалады. Ағаш индикаторының қатысуымен жасалған микротопонимдердің семантикасын талдау арқылы оның этномәдени әлеуеті ашылады.

Зерттеу барысында тілдік материалды жүйелеу, сипаттау, тарихи-деректік интерпретация жасау сынды дәстүрлі әдістер қолданылды. Сондай-ақ топонимдердің лингвомәдени мазмұнындағы рационалды, иррационалды (мифтанымдық, эзотерикалық) білімдер түрі көрсетілді.

Тарихи-тілдік деректерді талдау үшін герменевтикалық әдіс тиімді болады. Зерттеудің болашақ перспективалары негізделді, ең бастысы, тарих дереккөздерден Қазақстанның барлық тарихи аймақтарындағы ономастикалық атаулар (топонимдер, антропонимдер, патронимдер, генонимдер) жинақталып, түгенделуі тиіс екендігі дәйектелді. Болашақта pdf (фото) форматтағы тарихи дереккөздерден, ескі карталардан жер-су атауларының word, excel форматындағы дерекқорын жасау, цифрлау, «Қазақ тілінің ұлттық корпусының» Ономастикалық ішкорпусының базасына енгізу қажеттілігі жөнінде тұжырым жасалды.

18-29 22
Аннотация

Мақалада номинация теориясы бойынша екінші номинациялық бірліктер тілдік жүйеге еніп, лексикографиялық практиканың фактілеріне айналатыны атаулық тіркестер негізінде дәлелденеді. Атауланудың аспектілері аталады, тіркестердің атаулануы түрік изафетімен байланыстырылады. Тілдік және сөйлеу тіліндегі номинациялардың айырмашылықтары айтылады. Атаулану үдерісіне жазудың әсері бары мысалдармен дәлелденеді. Мысалдар атаулық тіркестердің қазіргі қолданысын көрсету мақсатымен 2023 жылғы мерзімді басылымдардан іріктелді, өйткені жаңа сөздер алдымен ғылыми әдебиетте, публицистикалық стильдерде көрінеді, біртіндеп сала терминдерінің қатарын толықтырады. Олардың өзге тіркес түрлерінен айырмашылығы аталып, нәтижесі анық болуы үшін сызбаға түсірілді. Мақала талдауға сұранып тұрған әрі қажеттілік бар өзекті мәселе – атаулануға арналған. Өйткені номинативтену ертеден кез келген тілдің сөздік қорын байытудың адамзатпен бірге жасасып келе жатқан тәсілдерінің біріне жатқызылып келеді, ал қазіргі таңда тиімді тәсіл түрі саналады. Мақаланың мақсаты – атаулық тіркестердің лексикаланып, сөздіктерде тіркелгенге дейінгі дамуын ғылыми тұжырымдар негізінде талдау; сөздіктерде тіркеудің қажеттілігін, практикалық маңызын, сөздік қорды көбейтетінін дәлелдеу; тіркестердің лексикалану үдерісінің үздіксіздігін, атаулану барысына емленің әсері болатынын көрсету; екі компоненттен тұратын атаулық тіркестерден бөлек құрамы екі компоненттен асатын кешенді атаулық тіркестерді нәтиже ретінде көрсету.

30-41 33
Аннотация

Синкретизм мәтінді ұйымдастырудың әртүрлі деңгейіндегі қазіргі қазақ романына тән белгілердің бірі. Роллан Сейсенбаевтың «Үмітсіздік, немесе аруақтар құмдарды кезеді» романының поэтикасындағы сөйлеу стильдеріндегі синкретизмінің ерекшелігін айта отырып, авторлар оған жақын стильдік «пэчворк» ұғымын енгізеді. Стильдік «пэчворк» әдісі арқылы шығарма құрылымына кірген әртүрлі сөйлеу мәнерлерінің элементтерін, олардың көркем шындықты жасаудағы рөлі және романдағы экологиялық апат туралы моральдық-философиялық концепциясын бейнелеудегі рөлі тұрғысынан талдау мақсаты қарастырылады. Р.Сейсенбаев шығармашылығын зерттеушілердің еңбектерінде бұндай бағыт таппағандықтан, мақала авторлары бұл зерттеулерін жаңа көзқараспен қарастырады. Көркем мәтінді талдаудың формальды тәсілі аясында құрылымдық-семиотикалық әдіс және мәтінді стилистикалық талдау әдісі қолданылады, оның көмегімен стилистикалық «пэчворктің» ерекшеліктері мен функциялары авторлық дүниенің бейнесін қалыптастыратын көркемдік әдіс арқылы ашылады. Романға ауызекі сөйлеу, ғылыми және ресми іскерлік стиль элементтерін енгізу арқылы Арал мәселесін шешуге өмірдің үш саласының өкілдерінің қатысуы көрсетіледі: зардап шеккен халық, Аралдың жағдайы туралы пікірталас жүргізетін ғылыми қоғамдастық, мәселені елемейтін мемлекеттік органдар. Публицистикалық және көркем стильдер мәтінінің элементтері ақпарат көздерінің екі түрін және ақиқат шындықтың екі түрін көрсетеді: халық сенімінен айырылған БАҚ; адамзат тағдыры туралы мәңгілік шындық пен қайнар көзі ретіндегі әдеби мәтіндер мен киелі жазбалар. Р.Сейсенбаев романында айқындалған стильдік «пэчворк» көркемдік әдісін қазақ постмодерн әдебиеті шығармаларында қолдануға болады және одан әрі зерттеуді қажет етеді деп есептейміз.

42-51 23
Аннотация

Мақалада зоотопонимдер негізінде халықтың әлеуметтік жағдайы мен атау талғамы бойынша танымы айқындалады. Жер-су атаулар уәжінің әлеуметтік негізінде халықтың жан-дүниесі, бітімі, болмысы сақталған, сондықтан да атау тағуда халықтың әлеуметтік тұсы мен психологиялық негіздері ұштасып жататындығы мысалдармен дәйектелген. Зоотопонимдердегі жиналған халықтың тәжірибесіне сай ақпаратты ашуда ұлттық таным, әлеуметтік-психологиялық код ретіндегі танымдық қызметіне айрықша мән берілген. Атаулардың прагматикалық (бағыт/бағдар, нысан ерекшелігі т.б.) әлеуеті зерделеніп, олардың халықтың ғасырлар бойы жинақтаған таным-түсінігі, әлемді қабылдаудағы тасымал құрал ретіндегі орны айқындалған.

Мақаланың мақсаты – зоотопонимдер мағынасын талдау негізінде әлеуметтік әрі психолингвистикалық ерекшелігін айқындау, зоотопонимдердің әлеуметтік-психологиялық код ретінде атау тағудағы уәжі арқылы халықтың танымын, рөлін анықтау. Зоотопонимдердегі әлеуметтік, психологиялық уәжге қатысты ақпаратқа талдау жүргізу, ғылыми негіздемесін әзірлеу, жүйелеу.

Зерттеу әдістері: статистикалық әдіс, типологиялық әдіс, дескриптік тәсіл, сауалнама, концептуалды, компоненттік (семантикалық) талдау.

Зерттеу жұмысы лексика-семантикалық, когнитивтік бағытта орындалған.

Бір жағынан – мәдени таным, екінші жағынан – тұрмыс тіршілік, үшінші жағынан – белгі, нысан ретінде зоотопонимдердің екіншілік атау нәтижесі тұрғысынан халықтың болмысының әлеуметтік-психологиялық коды айқындалады.

Мақаланың практикалық маңыздылығына оның негізгі нәтижелерін әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, ономастика, когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану тәрізді теориялық курстарда, сондай- ақ қазақ тілін оқыту практикасы үшін семинарларда қолдануға болатыны жатады.

52-66 31
Аннотация

Бұл жұмысымыздың мақсаты – қазақ халқының тұрмыс-салт ертегілеріндегі “байлық” және “кедейлік” концептілерін халық танымының тілдік репрезенттері ретінде анықтау.

Лингвомәдени талдау тарихи-этнографиялық аядағы, көне халық танымындағы, мәдени ақпаратты анықтап, тілдік сипатын тануға мүмкіндік берді. Байлық пен кедейлік бинарлық оппозиция ретінде ертегілік дәуірдегі этнос санасының қалыптасу кезеңіндегі дүниетанымы мен әлемді тануы, адамгершілік-этикалық нормалары тұрғысынан қарастырылып, қазіргі кезеңдегі халықтың ментальды болмысымен салыстырылып берілді.

Зерттеу материалы ретінде 31 тұрмыс-салт ертегісі алынды. Ертегі мәтіндерінен осы концептілерді репрезенттейтін тілдік бірліктер анықталып, олардың қолданысы контекст аясында қарастырылды. Еркін ассоциативті эксперимент жүргізіліп, аталған концептілердің қазіргі жастар тілінде репрезенттелуі ертегі тілімен салыстырылды.

Байлық материалдық және рухани концепт ретінде анықталып, тілдік репрезенттері кедейлікпен бинарлық оппозицияда қарастырылып, кедейлік пен байлықтың дүниеден емес, ақылдан болатыны тұжырымдалды. Еркін ассоциативті эксперимент нәтижелерін материалдық құндылықтардың да, рухани құндылықтардың да көп өзгеріске түскені анықталды.

Нәтижесінде ол деңгейлер арасында ортақтық та, айырым белгілер де бар екені байқалды. Ортақтық бұл концептілердің жалпыадамзаттық, әмбебаптық сипатынан туындаса, айырым белгілер көп жағдайда образдық, аксиологиялық деңгейден көрінеді.

Бұл зерттеулер қазақ тіліндегі лингвофольклористика саласын, когнитивті лингвистиканы дамытуға үлес қосады.

Зерттеудің практикалық мәнін келешекте басқа да қазақ халық ертегілері жанрларын халық танымының тілдік репрезенттері ретінде зерттеуден, қазіргі заманғы авторлық ертегілер тілін зерттеуден, халық ертегілері тілі бойынша жиілік сөздік түзу қажеттігінен көреміз.

67-76 36
Аннотация

Бұл мақалада «Success» концептісінің көрінісі қарастырылады, зерттеу контекстік және компоненттік талдау әдістеріне негізделген. Мәдениеттану, философия, психология, әлеуметтану сияқты әртүрлі ғылымдардағы жетістіктерді зерттеудің танымалдығы мақала тақырыбының өзектілігін анықтайды. Мақаланың мақсаты – «Success» концептісінің белсенді қабатын зерттеу және сипаттау. «Success» концептісі американдық лингвомәдениеттегі ең маңызды концептілердің бірі болып табылады, сөйлеуде жоғары вербализацияға ие. Авторлар концептінің белсенді қабатын зерттеудің және оны этимологиялық қабатпен салыстырудың маңыздылығын атап көрсетеді, осылайша уақыт өте келе қоғамның концептіге қатынасы қалай өзгергенін және тілдегі өзгерістердің көрінісін байқайды. Контекстік талдау негізінде концепті лексемаларының екі тобы анықталды:

«жеке жетістік» және «кәсіби жетістік», сондай-ақ «ақша» маңызды компоненті де айшықталды. Қазіргі қоғамдағы жетістік құбылысының танымалдылығын ескере отырып, автор табысты топтар мен категориялар бойынша бөлуді қажет деп санайды, өйткені тілдік санада табысты анықтауға ешқандай шектеу жоқ, әр адам өзінің тәжірибесі мен әлем туралы идеяларының объективі арқылы табысты көреді. «Кәсіби жетістік» және «жеке жетістік» топтарын бөліп көрсете отырып, адам өмірінің екі негізгі саласында жетістіктің маңыздылығы атап өтіледі. Кәсіби жетістік қоғамда салыстырмалы түрде жалпы критерийлерге ие болса, жеке жетістік өзгермелі және критерийлер мен тақырыптық топтардың үлкен жиынтығымен ерекшеленді.

77-88 24
Аннотация

Мақалада жарнама мәтінінің тілі жарнамаланатын нысанның өзге бәсекелес нысандардан ерекшелеп көрсету жолдарын қарастыратын және оны мақсатты аудиторияға барынша тартымды, символдық, брендтік қасиеттеріне назар аударту арқылы әсер ету стратегиялары мен тактикаларын тиімді таңдау аспектісінде талданды. Стратегиялар мен тактикаларды таңдау жарнама мәтінін құрудың алғышарты, себебі дәл осы кезеңде жарнама нысанының басты қасиеттерін анықтау, оның негізгі сапасын белгілеу, мақсатын түсіну және оны өзге бәсекелес нысандарға қарсы қою процессі жүреді. Қазіргі заманауи жарнамаларда қолданылатын стратегиялар мен тактикалардың түрлері сан алуан. Мақалада олардың негізгілері және жиі қолданылатын түрлері көрсетіліп талданды. Атап айтқанда, позициялау және оңтайландыру стратегиясының, тұтынушының назарын қарату стратегиясының, қайта назар аударту тактикасының, мақсатты ауыстыру тактикасының, трансформация тактикасының, уәждерді ойнату тактикасының қолданыс ерекшелігі көрсетілді. Қарастырылған стратегиялар мен тактикалардың кейбіреулері салыстырмалы түрде жақында, ал кейбіреулері жарты ғасыр бұрын пайда болды, дегенмен де олардың ешқайсысын ескірген деп атауға болмайды. Қазіргі нарықта қайсысы қолайлы, соны пайдалану қажет.

Мақалада сонымен қатар жарнама дискурсында, дәлірек айтқанда автокөліктер мен бизнес-класс пәтерлерінің жарнамасында ұлттық менталитеттің тілдік көрінісінің, сол арқылы қазақтардың ұлттық құндылықтарының берілу ерекшеліктері де қарастырылды. Осылайша қазіргі қоғам құндылықтарының иерархиясын белгілейтін қазақстандық жарнама хабарламаларының аксиологиялық өлшемі қызығушылық тудырды.

89-99 23
Аннотация

Мақалада қазақ тіліндегі ескі кітаби сөздер туралы ғалымдардың ғылыми тұжырымдары талданады, ескі кітаби сөздердің қазіргі көркем әдеби стильде қолдану ерекшелігі мен қазіргі заман жазушылары тіліндегі қолданысымен салыстырылады. Зерттеу материалы ретінде Қытай мемлекетіндегі қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі – жазушы Қажықұмар Шабданұлының «Пана» романы алынды. Аталмыш шығарманы лингвистикалық тұрғыда зерттеу барысында Қ. Шабданұлының шығармасы мен халық ауыз әдебиетіндегі қисса- дастандар, магиялық фольклорлар, жыраулар поэзиясы, сондай-ақ халық ән-өлеңдері мәтіндерімен салыстырылып, ескі кітаби сөздердің функционалды қолдану ерекшеліктері және себебі анықталды.

Талдау барысында халық ауыз әдебиеті мен жазушы шығармасындағы ескі кітаби сөздерді салыстырмалы-тарихи әдіспен, ішінара сөздердің түбірі мен мағынасын ажыратқанда морфемдік және семантикалық талдауға жүгінілді. Ғалымдардың ескі кітаби сөздерге байланысты ғылыми тұжырымдары жүйелеу, топтау, талдау, сипаттау тәсілдері арқылы көрсетілді.

Нәтижесінде Қ. Шабданұлының «Пана» романы мақалаға өзек болып отырған ескі кітаби сөздерге өте бай екендігі және автор оларды сол замандағы тарихи шындықты бейнелеудің құралы ретінде пайдаланғандығы анықталды.

100-110 25
Аннотация

Құсбегілік және саятшылық дәстүрлі қазақ қоғамында үлкен рөлге ие. Бүгінде тарихи ескерткішке айналған халқымыздың төл өнері жайлы деректер түркілердің VI-VII ғасырдағы жазбаларынан бастау алған. Өткенімізге көз жүгіртіп, тарих беттерін ақтарар болсақ, онда, ең алдымен, Тұран даласын, жалпы түркілердің қара шаңырағы атанған қазақтың кең даласын мекен еткен көшпенділер өміріне тоқталамыз. Көшпенділер десек, көз алдымызға жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт келері сөзсіз.

Зерттеудің мақсаты – салыстырмалы-тарихи әдіс арқылы құсбегілікке қатысты атаулардың пайда болу тарихын ашу. Тілдік бірліктерді бір-бірімен салыстыра отырып, олардың ұқсастығы мен ерекшеліктерін анықтау. Мақалада көшпелі қазақ елінің құсбегілік өнерінің тарихи қыр-сыры жан-жақты қарастырылған. Сонымен қатар қазақ тіліндегі тақырыпқа қатысты тілдік қолданыстардың өзіне тән табиғаты, көркемдік нақышы, бағалауыштық сипаты, коннотациясы анықталған. Саятшылықты, құсбегілікті кәсіп еткен халық артынан келешек ұрпаққа өшпес мұра қалдырды. Яғни, саятшылық ең алғаш көшпенділерден шыққан деген тұжырымға тоқталамыз. Ол туралы өз жазбаларында Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, С. Мұқанов, М. Әуезов сынды т.б. ғалымдар атап көрсеткен. Халық ауыз әдебиетінде құсбегілік жайлы аңыз-әңгімелер, өтірік өлең, ертегі, миф секілді әдебиет жанрлары қалыптасып, тарихпен сабақтаса отырып, бүгінгі күнге мұра болып бізге жеткен. Сол арқылы қазақ тіл білімінде құсбегілікке, саятшылыққа ғана тән тілдік бірліктер қалыптасқан. Құсбегілікке қатысты атаулар – ұлт пен ұлысқа ортақ заңдылық. Сол себепті де бұл тілдік бірліктердің сипаты әлем тілдерінде әралуан аспектіде зерттеліп келеді.

111-124 23
Аннотация

Халық санасының тілдегі көрінісі саналатын ұлттық сөздік құрамның көркем мәтінде белсенді қолданылатын тобы – бейвербалды құралдардың вербалдануы. Бейвербалды элементтер әлем тілдерінде әрі құрылымы, әрі мағынасы жағынан әралуан болып келеді. Бұл ерекшеліктер – әсіресе көркем мәтіндерді аудару барысында аудармашыларға қиындық тудыратын факторлар. Мысалы «Абай жолы» роман-эпопеясының орыс тіліндегі аудармасында лакуналардың (мәтіннің аударылмаған бөлігі) басым бөлігін бейвербалды амалдар құрайды.

Зерттеудің мақсаты коммуникацияның көмекші құралдары тілде қалай кодталғанын қарастыру арқылы қазақ халқының коммуникантты тану деңгейін бағамдау, сондай-ақ қазақ және орыс тіліндегі бейвербалды компоненттердің лексикалық, грамматикалық, прагматика-стилистикалық тұрғыдан ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау. Зерттеу барысында аудармаларды салыстыра талдау, бейвербалды құралдардың вербалды амалдарына грамматикалық талдау жасау, лексика-семантикалық және когнитивті талдау әдістері қолданылды. Зерттеу нәтижесінде қазақ тілінде «күлу» мәнін білдіретін тілдік бірліктер мен грамматикалық құрылымдардың орыс тіліне қарағанда әлдеқайда көп екені, аталған кинеманы аударуда орыс тіліндегі «смех» түбірлі сөздердің белсенді қолданылғаны белгілі болды. Тілдердің лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне, линвгомәдени факторларға байланысты аударма мәтіндегі бейвербалды компоненттердің эмоцияны бейнелеу дәлдігі, экспрессивтілігі және семантикалық ерекшеліктері толық сақталмағаны анықталды.

Зерттеудің өзектілігі бейвербалды амалдардың М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы тілдік репрезентациясы және оның аударма мәтіндегі тілдік құндылығы зерттеу жұмысында антропоөзекті парадигма негізінде және интерлингвистикалық аспектіде тұңғыш рет қарастырылып отыруынан көрінеді.

125-132 20
Аннотация

Қоғам қарыштап дами бастағалы адамның өмір сүру дағдысы да өзгерді. Мұндай өзгеріс тіліміздің сөзсаптау жүйесінің өзгеруіне алып келді, соның салдарынан ол тек ақпарат алмасуды көздейтін қасаң, жұтаң, оған қоса өзге тілдің элементтерін қайталайтын көшірме тілге айналды. Сондықтан тіліміздің субстанциялы қасиетін сақтай отырып, дәстүрлі сөзсаптам үлгілерін, нормаларын көрсетудің маңызы артты. Ертегілер өзгеріске ұшырамаған, халық арасында ауыздан ауызға тараған, ежелден бері келе жатқан фольклор жанрының бірі. Ертегілердің бала тілінің дамуы мен қиялының жетілуіне әсері ғалымдар тарапынан дәлелденіп келеді. Зерттеу жұмысының мақсаты ертегілер тіліндегі қазақтың дәстүрлі сөзсаптам үлгілерін анықтау. Зерттеу объектісі ретінде Ә. Диваев жинаған қазақ ертегілері алынды. Мақаланы жазу барысында лингвостилистикалық талдау жасалып, сөйлем құрылысы, күрделі фразалық тұтастықтың берілуі, мәтіннің ішкі/сыртқы байланысы, жүйесі қарастырылып, нәтижесінде ертегі мәтініндегі қазақтың сөзсаптамына үлгі болатын өлшемшарттар анықталды. Зерттеу жұмысының ғылыми маңызы – қазақ тілінің дәстүрлі грамматикалық, этикалық, коммуникативтік нормасының анықталуы, практикалық маңызы – филология, лингвистика, журналистика мамандықтарының студенттеріне, қазақ тілін үйренушілерге қосымша ретінде ұсынылады.

133-139 40
Аннотация

Мақалада көне ұйғыр тіліндегі қос сөздер қазіргі қазақ тіліндегі қос сөздермен салыстырылып қарастырылды. Көне ұйғыр тілі басқа түркі тілдері сияқты көне түркі тілінің тармақтарының бірі. Мақаланы жазудағы мақсат елімізде енді зерттеле бастаған ескі ұйғыр тіліндегі элементтердің қазіргі қазақ тілінде қаншалықты кездесетінін, сақталғанын салыстыра қарастырып, зерттеу. Еліміздің зерттеушілерімен қатар көне ұйғыр тілін зерттеуші шетелдік ғалымдардың да еңбектері қарастырылды. Мақаланы жазу барысында VIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырға дейінгі уақыт аралығында көне ұйғыр тіліндегі мәтіндердің ішіндегі қос сөздердің қолданысы зерттеліп, олардың қазіргі қазақ тілінде қаншалықты кездесетіндігі ашып көрсетілді. Көне ұйғыр тіліндегі мәтіндерден алынған сөйлемдер, қазіргі қазақ тілімен салыстырылып, қазіргі қазақ тілі грамматикасы тұрғысынан талданды. Соның нәтижесінде қазіргі қазақ тіліндегі қос сөздердің сол бастапқы, тарихи мағынасын жоғалтпай, фонетикалық жағынан біраз өзгерістерге ұшырағаны болмаса айтарлықтай өзгермегені анықталды. Бұл біздің қызығушылығымызды тудырып, оларды салыстырмалы түрде қарастыруды жөн көрдік. Жұмыстың ғылыми және практикалық маңыздылығы жоғары. Алынған нәтижелерді қазақ тілі тарихы және түркітану пәндеріне зерттеу материалы ретінде пайдалануға болады. Сонымен қатар зерттеу барысында қазіргі қазақ тілінің көне түркі тілдерінен өте көп мөлшерде тілдік элементтерді бойына сіңіргенін және олардың әлі де қолданыста жүргенін анықтадық.

 

ҚОЛДАНБАЛЫ ТІЛ БІЛІМІ 

162-171 37
Аннотация

Аударма сапасын бағалау – аударматану ғылымының жылдам дамып келе жатқан қосалқы саласы. Ол түпнұсқа мәтін мен аударылған мәтін арасындағы байланыстарға назар аударады. Мақалада әлемдік лингвистика саласына танымал ғалым Торе Янсонның “The History of Languages: An Introduction” еңбегінің еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа оқулық» жобасы нәтижесінде аударылған «Тіл тарихы: Кіріспе» оқулығының аударма сапасын бағалау қарастырылады. Отандық тіл білімінде аталмыш жоба аясында аударылған оқулықтардың аударылу сапасын бағалау алғаш рет зерттеу нысанына алынды. Бұл – зерттеу жұмысымыздың өзектілігін арттыра түседі. Аударма сапасын бағалау батыс мемлекеттері тіл мамандарының назарынан тыс қалмайтын нысанға айналып үлгергені белгілі. Аталмыш ғылыми мақалада отандық аудармашылардың белгілі еңбекті аудару барысында қандай аударма әдістері мен терминдерді қолданғандығы жан-жақты талқыланады. Зерттеу мақсаты – лингвистика саласы мамандарын даярлайтын оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне арналған Торе Янсонның «Тіл тарихы: Кіріспе» оқулығының қазақ тіліндегі аудармасының сапасын зерделеу. Алдымызға қойған мақсатқа жету үшін келесі міндеттер қойылды: Торе Янсонның лингвистика саласындағы көрнекті еңбегіне және аударманы бағалауға арналған тәсілдерге шолу жасау, оқулықтың ана тіліміздегі аударма сапасын зерделеу. Талдау барысында осы еңбектің алғашқы тарауларының түпнұсқасы мен қазақ тіліндегі аудармасы пайдаланылды. Талдау нәтижесінде түпнұсқаның денотативті мазмұнын аударудағы бұрмалау, терминдерді аударудағы бірізділіктің сақталмауы және түпнұсқаның стилистикалық ерекшеліктерін беруге байланысты бұрмалаушылықтар анықталды. Зерттеу жұмысының ғылыми маңыздылығы отандық тіл білімі ғылымында ағылшын тілінен қазақ тіліне аударма сапасын бағалауды зерттеу аясын одан әрі кеңейтумен байланысты. Аударма сапасын бағалауға бағытталған зерттеу нәтижелерін аудармашыларды дайындау негіздері, аударма теориясы, тіл білімінің лингвотеориялық негіздері бойынша оқытылатын дәрістерде қолдануға болады.

172-181 26
Аннотация

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы, соның ішінде интернеттің пайда болуы ХХ ғасырдағы коммуникациялық ландшафттың түбегейлі өзгеруіне әкелді. Интернетке тұрақты қол жеткізу мүмкіндігі, сондай-ақ онлайн түрде жедел хабар алмасу қосымшаларын пайдалану жаңа цифрлық тілдің қалыптасуына, жаңа тілдік ортаның дамуына серпін берді. Қазіргі кезде қазақ тілі цифрлық кеңістікке еніп, қазақ тілінің виртуалды кеңістіктегі өміршеңдігі нысанға алынды. Осыған байланысты қазақ тіліне қатысты білімдер түгенделіп, қазақ тілінің виртуалды кеңістіктегі ресурстарын әзірлеу күн тәртібіне қойылды.

Орфографияны автоматтандыру – бұл мәтіндегі сөздердің емлесін тексеру үшін компьютерлік бағдарламалар мен құралдарды пайдалану процесі. Бұл сөздердің жазылуындағы қателерді автоматты түрде түзетуге мүмкіндік береді және мәтінді өңдеуге кететін уақытты азайтады. Инновациялық мүмкіндіктер тілдің формалды моделін әзірлеуді талап етеді. Ал орфографияны формалды модельдеу үшін ең алдымен орфографияға қатысты білімдерді түгендеу, емледегі қиындықтарды саралау қажет. Қазіргі кезде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары «Қазақ мәтінін автоматты тану: лингвистикалық модульдер мен IT-шешімдер әзірлемесі» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жоба аясында зерттеу жүргізіп келеді. Зерттеу аясында сөздердің жазылуындағы қателерді автоматты түрде түзетуге мүмкіндік беретін тілдік ресурстар саралану, талдану үстінде. Осыған байланысты мақалада орфографияға қатысты білімдерді автоматтандыру, оны автоматты танытудың ғылыми-практикалық мәселелері, қазақ орфографиясына қатысты білімдерді алгоритмдеу түсініктерінің анықтамасы, кең таралған модельдеу түрлері, автоматтандыруда ұстанылатын модельдеудің типтері жан-жақты талданады. Сондай-ақ қазақ орфографиясын автоматтандыру үшін фонетика-фонологиялық және орфограммалардың айырымдық белгілері арқылы модельдеудің түрлері ұсынылып, қазақ орфографиясын автоматтандырудың кезеңдері сипатталады.

182-192 24
Аннотация

Мақал-мәтелдер – белгілі бір шындықты немесе айқын айғақты ақпаратты бойына жинаған дайын құрылымдар. Олар адам өмірінің көптеген аспектілерін қамтиды және күнделікті өмірде жиі қолданылады. Мақал-мәтелдердің ықшамдылығы мен құрылымының қолдануға ыңғайлылығы оларды есте сақтау жолын жеңілдетеді. Әр түрлі елдерде мақал-мәтелдер көбінесе ұқсас тақырыпты қозғағанымен, әртүрлі формада жеткізілген. Зерттеу барысында мақал-мәтелдерді аударуға арналған онлайн аударма-сайтын жасадық. Бұл зерттеу барысында біз мақал- мәтелдерді тақырыбы мен мағыналық ұқсастығына сәйкес аталған сайтта топтастыру жолын көрсеттік. Жүзге жуық мақал-мәтелдер жинақталып, сайтта топтастырылды. Сайтта мақал-мәтелдердің әр түрлі дәрежедегі қазақ және ағылшын тілдеріндегі баламалары берілген. Бұл мақал-мәтелдердің кез келгенін тірек сөз арқылы ағылшынша да, қазақша да іздеу батырмасын қолдана отырып, аталған сайттан табу жолдары жеңілдетілген. Сайт оқырмандардың кең ауқымына арналған. Сайтты ағылшын және қазақ тілін үйренушілер, аударма ісі, филология, психология, фольклор, тарих, әдебиеттану, мәдениеттану т. б. салалардың білім алушылары, оқытушылар, ізденушілер мен кәсіби аудармашылар қолдана алады. Болашақта сайт қоры үнемі толықтырылып отырады.

140-149 36
Аннотация

Аударма – шығармашылық үдеріс ретінде көркемдік дәлдікті, сәйкестікті жеткізудің нәтижесі. Бір ұлттың екінші ұлтпен, бір мәдениеттің екінші мәдениетпен байланысы рухани деңгейде аудармада көрініс табады. Халық танымындағы қалыптасқан ақпарат, тұрмысында түйген, санадағы қалыптасқан ұғымдар аудармада қалай сипатталатынын анықтау – аударматану саласында өзекті мәселе. Себебі бүгінгі жаһандану кезеңінде мәдениетаралық қатынастың аударма барысында көрініс табуы тіл білімінің дамуын көрсетеді. Сонымен бірге аударма ұлтты таныстырудың негізгі құралы деп анықталатындықтан аударылатын шығармада мәдени ерекшеліктер барынша толық жеткізілуі керек. Дегенмен көркем мәтіннің негізінде жазушының шығармашылық әлемі, ұлттық көзқарасы, әдеби дәстүр көрінетіндіктен, аударма барысында қиындық туындайды. Осы тұрғыда толыққанды аударма болу үшін аудармашы өз тарапынан өзгерістер енгізеді. Ал осы өзгерістер трансформациялар деп аталады. Трансформация түрлерін қолдану аударма сапасын арттыра түседі.

Осы бағытта қазақ халқының бар болмысын суреттеген тарихи шығармалардың бірі І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының орыс, ағылшын тілдеріне аударылу жолдарын зерттеу, сөз таңдау түрлерін анықтау, трилогиядан эмпирикалық материалдар іріктеліп, аударылу барысында пайдаланылған трансформациялардың жолдарын анықтап, ерекшеліктерін зерттеу – аталған мақаланың басты мақсаты.

Ғылыми мақаланы жазу барысында төмендегідей әдіс-тәсілдер қолданылды: сипаттау, салыстыру, салғастыру, лексикографиялық, эмпирикалық, когнитивтік, этнолингвистикалық және концептуалдық. Осының негізінде нәтижелері талқыланып, нақты қорытындылар беріледі. Мақаланың теориялық-практикалық маңызы – магистранттар мен докторанттар және ғылыммен айналысатын жастар ғылыми жұмыстарына практикалық және теориялық материал ретінде кеңінен пайдалана алады. Сонымен қатар филология бағытында білім алушыларға лексикология, аударма теориясы мен практикасы, лингвомәдениеттану, салғастырмалы грамматика пәндері бойынша практикалық сабақтарда материал ретінде қолдануға болады.

 

150-161 24
Аннотация

Мақалада ауызша ішкорпус базасына енген поэтикалық дискурстың просодикалық ерекшелігін көрсету туралы сөз болады. Қазіргі таңда корпус базасына қазіргі қазақ ақындарының өлеңдері мен поэмалары жинақталып, оның просодикалық ерекшелігі көрсетіліп отыр. Сонымен қатар әрбір ақынның өлеңі мен поэмасына метабелгіленім жасалды. Бұл поэтикалық ішкорпустың ерекшелігі – жұртшылыққа қазақ ақындарының шығармаларын таныту және оның просодикалық ерекшелігін көрсету. Ол үшін әрбір ішкорпус базасына енген өлеңдер бунаққа бөлініп, оның просодикалық жағынан әуенінің ерекшелігі көрсетілді. Сондай-ақ орфоэпиясы да беріліп отыр.

Бұл поэтикалық ішкорпус базасы поэтикалық мәтіндер туралы ақпарат алуға және поэтикалық мәтіндердің интонациялық ерекшелігін зерттейтін магистранттар, докторанттарға жалпы ғылыми жұмыс жасайтын ізденушілерге арналған көмекші құрал. Қазіргі таңда орыс, чех (http://www.versologie.cz/en/kcv.html), башқұрт (http://web-corpora.net/bashcorpus/search/) поэтикалық ішкорпустары істеп тұр. Поэтикалық ішкорпус базасын бір жағынан электронды кітапхана деп айтуымызға да болады. Өйткені қай ақынның болмасын барлық өлеңдерін сол базадан алып, пайдалануға болады. Бұл поэтикалық ішкорпус базасы толыққан сайын әр ақынның өлеңдері көпшілікке қолжетімді болады. Яғни корпус базасы шексіз, ол жылдар өткен сайын толыға түседі.

193-200 121
Аннотация

Мақала аймақтық лексикада сақталған этномәдени бірліктерді ұлттық корпуста лексикографиялау мәселесіне арналған. Қазақ халқының тұрмыс кешкен ортасына, территориясына, қоршаған табиғатына сай қалыптасып, тілде сақталған бірегей тарихи дамуы мен күнделікті өмір сүру ерекшеліктері, өмір сүру салты мен дәстүріне қатысты мәденитанымдық этномәдени құндылықтарды зерттеу заманауи антропоөзектік парадигма аясында өзектелуде. Зерттеуіміз тілде сақталған этномәдени бірліктердің цифрлануымен ерекшеленеді.

Қазақ мемлекетінің бүгінгі таңдағы даму барысын белгілейтін қоғамдық-әлеуметтік жаңару бағдарына сай тіл арқылы ұлт құндылықтарын игеру аса маңызды. Зерттеу жұмысымыздың маңыздылығы – этномәдени бірліктердің мәнін архетиптік санада жаңғыртып, бүгінгі тіл иесінің қолданысындағы сөз әлеуетін таныту. Ғылыми зерттеудің мақсаты – тілші-ғалымдардың танымдық көкжиегін кеңейтіп, тіл арқылы мемлекетшілдік сана деңгейін көтеру. Жұмысымыздың өзектілігі – ұлттың дүниетанымымен, ұлттық болмысымен ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан, ғасырлар бойы жасаған ұлттық мәдениетімізді жаңғыртып, ұлттық корпус арқылы болашақ жастарға аманаттау. Корпус мәселесі қазақ ғылымында бұрын қозғалмаған. Қазіргі кезде дамып, салаланып, көптеген ішкорпустармен толыққан.

Зерттеу жұмысының нәтижелері мен талдаулары қолымызда жинақталған этномәдени атаулар қолданыста жоқ немесе аймақтық қолданыста сақталған, немесе шеттілдік балама атаулар арқылы қолданатын жастарға саба, күбі, көзе сияқты этнолексикалық бірліктердің көмескіленген мағынасын түсіндіріп, адалбақан мен кебеженің, тай мен құнанның айырмашылығын ажырата білуіне корпус арқылы көрсету болып табылады. Қазақ тіл біліміндегі этнолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық, диалектологиялық, әлеуметтанымдық т.б. зерттеулерде түсіндіріліп, жинақталған «қазақ әлемін» танытатын этномәдени бірліктердің жүйесін ұлттық корпуста берудің ғылыми-әдіснамалық үлгісін көрсету – жұмысымыздың арқалаған міндеті. Жұмысымыздың құндылығы тіл арқылы ұлт мәдениетін (болмысын) заманауи лингвистиканың ақпараттық көзі ретінде ізденушілердің жұмысын оңтайландыруында болып отыр.



ISSN 2411-6076 (Print)
ISSN 2709-135X (Online)