Preview
№ 3 (2024)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)

ТЕОРИЯЛЫҚ ЛИНГВИСТИКА 

12-21 244
Аннотация

Мақалада орыс, қазақ, өзбек, ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдердегі антропоцентризмді білдірудің өзекті мәселесі қарастырылады. Мақал-мәтелдің мазмұны әрқашан антропоцентристік болып табылады, өйткені оның мағынасының адамгершілікке тәрбиелеуші сипаты адамға бағытталған, сондықтан барлық мақалмәтелдер антропоцентристік, бірақ олардағы антропоцентризмді білдіру тәсілдері әртүрлі – эксплицитті және имплицитті: а) эксплицитті (ашық) антропоцентризмнің көрінісі адам (адам, еркек, әйел, ол, ол, олар, ...) ұғымын білдіретін лексемалар арқылы беріледі; ә) антропоцентризмнің имплицитті (жанама) көрінісі адам ұғымын білдіретін лексемаларсыз беріледі, бірақ олардың ғибраттылығы және астарлылығы адамға бағытталған. Мақалмәтелдердегі антропоцентризм жалпылама және талғамды болып табылады, сондықтан ол жағымды және жағымсыз қасиеттермен сипатталатын жануарлар мен өсімдіктер әлемін білдіретін лексемалар (атаулар) арқылы да беріледі. Антропоцентризмнің зоонимдер арқылы берілуі көбінесе белгілі бір жануардың (мысалы, есек немесе шошқа) етін тұтынуға тыйым салу немесе рұқсат беру сияқты діни канондармен байланысты. Олардың кейбіреулері дін тарихында пікірталас туғызуда (мысалы, шошқа еті). Осыған байланысты кейбір мақалдарда зооним атауы жағымды сипатта болса, басқаларында жағымсыз сипатта қолданылады. Зерттеу материалы ретінде төрт тілдегі мақал-мәтел сөздіктері, осы мәселе бойынша ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеулер және одан туындайтын жалпы адамзаттық (әмбебап) және ұлттық-мәдени көзқарастар алынды. Әр тілдің мақалдар қоры антропоцентристік бағытта қызмет атқарады. Тілдік материалды талдау барысында салыстырмалы, семантикалық-стилистикалық, тарихи-салыстырмалы және т.б. әдістер қолданылды, бұл теориялық және практикалық маңызы бар нәтижелерді алуға ықпал етті. 

22-30 219
Аннотация

Мақала В.В. Радлов сөздігіндегі қазақ сөздерінің лексика-семантикалық қолданым ерекшеліктерін зерттеуге арналады. В.В. Радлов сөздігінде қазақ тілі лексикасы мол қамтылған. Зерттеу жұмысының мақсаты – осы қазақ тілі лексикасы құрамындағы сөздердің лексика-семантикалық қолданым ерекшеліктерін анықтау. Жеке қарастыруымыздың ең басты себебі – негізгі материалдары XIX ғасырдың орта тұсынан бастап жинақталып, сол ғасырдың соңғы ширегінде жарық көрген қазақ сөздерінің семантикасы қазіргі заманауи қазақ тіліндегі сөздердің семантикасынан біршама ерекшеленеді. Арада жүз елу жыл өткендіктен, ол кездегі сөздердің мән-мағынасында қазіргі сөздердің мағынасынан сәл де болса айырмашылықтың болуы – заңды құбылыс. Ресей империясының қол астына қарауына байланысты дәстүрлі қазақ қоғамында күрделі жүйелік және құрылымдық өзгерістер орын алды. Ресейде бірнеше төңкерістер болып, социалистік қоғам орнады, Кеңестік социалистік республикалар одағы ыдырап, еліміз егемендік алды. Міне, осының бәрі қазақ сөзінің құрамына, оның семантикасына әсер етпей қойған жоқ. Жүз елу жылдық уақыт аралығында сөз семантикасында болған өзгерістерді зерттеу – қазақ тілінің тарихы мен тарихи лексикологиясы үшін маңызды іс болып табылады. Бұл негізінен зерттеудің ғылыми-практикалық маңыздылығын айқындайды. Мақалада сөздерді іріктеу, жүйелеу, семантикалық топқа бөлу, құрылымдық сипаттау, синхрондық және диахрондық талдау, салғастыру әдістері қолданылады. Жүргізіліп отырған зерттеудің қазақ лексикасын тарихи-лексикологиялық, тарихи-лексикографиялық тұрғыдан зерделеудегі құндылығы айқын.  

31-39 190
Аннотация

Қазіргі дамыған жаһандану заманында ұлт болып қалыптасудың, халық болып тұтастанудың, ел болып бірігудің, елдік салт-сананы сақтаудың басты қозғаушы күші – халықтан-халыққа үзілмей жалғасын тауып келе жатқан этностық діліміз, тіліміз, дініміз және өзекті ой оралым-танымымыз. Зерттеудің басты идеясы – ұлтымыздың тарихын, салт-санасын, ой-өрісін танытатын тарихи «Елең-алаң» романындағы этнографиялық деректерді жазушының тіліндегі жергілікті колорит – фразеологизмдер, мақал-мәтелдер арқылы дәйектеу. Мақалада Ә.Кекілбаев тіліндегі этнографизмдерге этнолингвистикалық зерттеу жүргізу арқылы жазушының тіл шеберлігін айқындайтын дара сөз тіркестері мен оралымдарының мазмұнын анықтау мақсаты тұрды. Зерттеу өзектілігі жазушы тіліндегі этномәдени бірліктің этнолексикалық сөздер қорын түзетіндігін тілдік этнографизмдер аясында негіздеуден көрінеді. Мақала тақырыбының жаңашылдығы мен құндылығы тұрмыстық салтқа қатысты фразалық оралымдар мен теңеулердің, ұлттық мінезді танытатын салт-дәстүрлердің жазушы тіліндегі зерделенуі тұтас контексте алынып, бағамдалуымен ерекшеленеді. Зерттеу барысында тілдік материалды жүйелеу, сипаттау әдістері қолданылды. Зерттеудің болашақ перспективалары ретінде жазушы тіліндегі этнографизмдерді жинақтап, жүйелік сөздігін жасақтау қажеттігі дәйектелді. 

40-50 167
Аннотация

Мақалада ортағасырлық түркі жазба ескерткіштерінің тілі мәдениет контексінде қарастырылады. Қарахандықтар дәуірінің көлемді де құнды этнографиялық және әдеби еңбектері болып саналатын М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігі мен Ж.Баласағұнның «Құтадғу білік» дастаны зерттеуіміздің материалы болып алынды. Ортағасырлық түркі жазба ескерткіштері антропоцентристік парадигма тұрғысынан зерделеніп, ескерткіштер тілі мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Түркі ескерткіштеріндегі мақал-мәтелдердің табиғатына, олардың қазіргі қазақ тіліндегі мақал-мәтелдермен ұқсастықтарына, яғни парадигмалық байланысына аса назар аударылады. Екі ескерткіште де түркілердің этникалық болмысын, мәдениетін сипаттайтын мәдени және тілдік деректерге мән берілді. Ортағасырлық екі ескерткіштегі этномәдени лексиканы талдау көрсеткендей, түркі халықтары ортағасырда егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысқан, олардың дүниетанымдық көзқарастары, лексикалық бірліктері қазіргі түркі халықтарымен, соның ішінде қазақ халқымен сәйкес келеді. Сонымен қатар екі ескерткіштегі этнографиялық лексиканың тақырыптық топтары көрсетілді. Талдау М.Қашқаридың еңбегінде орта ғасырлардағы түркілердің өмірі, материалдық және рухани мәдениеті туралы құнды ақпарат қамтылғанын көрсетті. «Құтадғу білік» дастаны мен қазақ поэзиясындағы лексикалық және поэтикалық сәйкестіктер анықталды.

51-59 166
Аннотация

Зерттеу жұмысымыздың мақсаты – «білім беру» тақырыбындағы фразеологиялық бірліктерді семантикалық және құрылымдық тұрғыдан талдап қана қоймай, уәжді және уәжсіз тұрақты тіркестердің арақатынасын анықтау. Зерттеу барысында келесі әдістер қолданылды: әдебиетке шолу, сипаттамалық әдіс, талдау және синтез әдістері. Нәтижелер: ағылшын және орыс тілдерінде уәжді фразеологизмдер уәжсіз фразеологизмдерден басым деп есептейміз. Себебі «білім беру» тақырыбы бойынша ең жиі қолданылатын 30 фразеологиялық бірліктерге талдау жасай отырып, екі тілдегі уәжді фразеологиялық бірліктердің арақатынасы уәжсіздерге қарағанда айтарлықтай жоғары екеніне көзіміз жетті. Нақты айтсақ: ағылшын тілінде 30 тұрақты сөз тіркесінің 20-сында уәжді фразеологизм бар, бұл жалпы санның 67%-ын құрайды, қалған 10 уәжсіз тіркес 33%-ды құрайды. Орыс тілінде тура осы жағдай: 30 тұрақты сөз тіркесінен алынған 20 уәжді фразеологизм 67%-ды, қалған 10 уәжсіз тіркес 33%-ды құрайды. Жалпы, екі тілдегі уәжді және уәжсіз фразеологиялық бірліктердің көрсеткіші бірдей: 67% уәжді тұрақты сөз тіркесі және 33% – уәжсіз. Фразеологиялық материалдарды зерттеу барысында алынған нәтижелерді орыс және ағылшын тілдерін оқитын студенттерге арналған сөздіктерді, оқу-әдістемелік құралдарды құрастыруда пайдалануға болады. 

60-71 132
Аннотация

Тіл иесі өмір сүріп жатқан қоғам қажет ететін ұғымдар аясында белсенді қызмет етіп, белгілі бір уақыт ішінде жаңа мәдени-әлеуметтік ұғымға ие болатын лексикалық бірліктер – терминдер мен жаңа қолданыстар. Тәуелсіздік кезеңінде қазақ тілінің қоғамның барлық саласында мемлекеттік мәртебесіне сай қызметінің жандануы, әлеуетінің жаңғыруы тіл иелмені мен тілді тұтыну нысаны арасындағы байланысты күшейтіп, күнделікті қолданыстық тәжірибедегі қажеттілік талаптарына әсер ете бaстaды. Бұл қoғамдық-әлeумeттік, эконoмикалық, cаяси, ғылыми-техникалық cалалардағы тeрминжаcам үдeріciнен көрінеді. Coған oрай, тіл~қoғам, тіл~cана, тіл~мәдениет т.б. сабақтастық туғызған нeoнoминациялық үдeрістің өзeгін тек ғылыми-ақпараттық мазмұн ғана емес, жoғарыда көрсеткеніміздей, мәдени-әлеуметтік мазмұн да құрайды. Бұл тіл дамуының тек cандық қана eмeс, cапалық дeңгeйін де көтeругe нeгіз болады. Coндықтан қалыптаcқан жаңа тeрминдeр бoлмыcындағы тіл мен мәдeниeттің бір-бірінe әceрі тілдің мәдeниeтті таcымалдаушы бірeгeй құрал рeтіндeгі қызмeтін мәдeнитілдік рeпрeзeнтация шeгінде тану – eрeкшe өзeкті. Сoның нeгізінде тіл тұтынушылардың танымдық дeңгeйін бірeгeйлeндіруші қызмeтін дe атқаратын қазақ тіліндeгі жаңа терминдeр мақалада тілдeгі жаңару үдeріcінe cай тіл мен мәдeниeт сабақтастығында туындайтын «ғаламның тілдік бeйнeсі» рeтіндe қараcтырылады. Сол себепті мақалада заманауи қазақ және түрік тілдеріндегі терминдену үдерістерінің лингвомәдени және лингвокогнитивтік негіздерін өзара салыстырып, сипаттауды мақсат еттік. Зерттеу барысында мынадай әдіс-тәсілдерді қолдандық: когнитивтік, сипаттау, салыстыру, концептуалдық және этнолингвистикалық. Сонымен бірге тіл иесі санасында құрылымдалған мәдени-ұлттық компонентті терминденген сөзден анықтау үшін диахрондық, контрастивтік, дефинитивтік, терминдену үдерісін тану үшін дискурстық талдау, уәжділік, коннотаттық тәсілді қолдандық. Зерттеудің құндылығы: заманауи қазақ және түрік тілдеріндегі терминдену үдерістерінің лингвокогнитивтік және лингвомәдени негіздерін сипаттап, көрсетіп беру арқылы «түркі әлемін» өркендетіп, нығайтуға үлес қосудамыз деп сенеміз. Мақалада қарастырылған тұжырымдар мен деректер түркітану, шығыстану, филология, аударма ісі кафедраларында оқитын студенттер, магистранттар, докторанттар және ғылымға қызығушылық танытқан жастардың зерттеу жұмыстарына практикалық және теориялық материал бола алады.

72-84 169
Аннотация

Мақалада әлемдік ассоциативті лексикографияның қалыптасу тарихы сипатталған, әртүрлі ассоциативті сөздіктердің типологиясы мен электронды мәліметтер базасы, этностардың тілдік санасының мазмұны мен этномәдени ерекшеліктерін психолингвистикалық тұрғыдан зерттеу контекстіндегі олардың мәні мен мақсаты қарастырылған; ассоциативті әдістерді қолдана отырып, сөйлеу әрекетінің когнитивті және психикалық процестерін зерттеу барысында қолданылатын терминологиялық аппаратқа түсінік берілген. Екі қазақ ассоциативті сөздігінің – кеңестік (КРАС-78) және реформаға дейінгі (КАС-2014) кезеңінің мазмұнын салыстыру мысалында – студенттердің, бұқаралық ассоциациялық эксперименттерге қатысушылардың екі буынының тілдік санасының ядролық аймақтарының мазмұнының өзгеру динамикасы көрсетіледі, бұл ассоциативті лексикографияның елеулі зерттеу әлеуетінің айқын дәлелі болып табылады және осындай диахрондық ассоциациялық зерттеулердің келешегін болжайды. Диахрондық салыстырмалы ассоциативті зерттеулердің болжамды ғылыми және әлеуметтік-мәдени маңыздылығына сүйене отырып, мақалада этностың тілдік санасының белгілі бір трансформациясы және оның орталық ядролық аймақтарының тұрақтылық элементтері көрініс табатын қазақ тілінің ассоциативті тезаурусын жасау мақсатында ынталандырушы сөздер тізімін 120-дан 1000-ға дейін жеткізіп, тағы бір ассоциативті сөздік құрастыру ұсынылады. 

85-95 179
Аннотация

Кез келген халықтың алыс замандардан бері қалыптасқан өзіндік болмыс-бітімі, салт-дәстүрі, материалдық және рухани мұралары – сол халықтың ғұмыр жолының айнасы. Бағзы заманнан жеткен мұра – бүгінгі ұрпақ үшін тек тарихтың қарапайым куәгері ғана емес, сонымен бірге, қазіргі сан тарау мәдениетіміздің бой көтерген биік тұғыры да. Біздің мақсат қасиетті орындарға қатысты атауларға этномәдени талдау жасау арқылы  материалдық және рухани мұраларды зерттеп, игеруге деген қажеттілікті арттыру, зерттеу нысанынан бұған дейін тыс қалған онимдерді ғылыми айналымға қосу болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мынандай міндеттерді шешу маңызды болмақ: өлкедегі адамдардың қоғамдық-әлеуметтік өмірі мен тұрмысына қатысты атаулардың өзін бірнеше топқа бөліп қарастыру; лексика-семантикалық классификацияны негізге ала отырып, қасиетті орын атауларын семантикалық типте қарастыру. Зерттеу барысында сөздік дефинициаларға талдау, жүйелеу, тілдік деректерді этнолингвистикалық сипатта зерделеу, сипаттама жасау әдістері қолданылды. Аталмыш сипаттағы отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектеріне шолу жасалды. Киелі жерлерді зерттеп, насихаттаудың қажеттілігі оның маңызды тарихи-мәдени және қоғамдық-саяси мәнге ие болуында. Киелі жерлер халықтың этникалық сана-сезім бастауларының тереңдігін және рухани деңгейінің қаншалықты жоғары болғандығын көрсетеді, сондай-ақ, этникалық, тарихи, мәдени және діни жадыны қалпына келтіру мен жаңғыртудың басты механизмдерінің бірі болып саналады. Қазақстанның киелі орындар тізіміне Сыр бойынан 12 нысан енгізілген: Шірік-рабат қалашығы, Жанкент қалашығы, Бегім ана мұнарасы, Жент қалашығы, Сығанақ қалашығы, Оқшы ата кесенесі, Қорасан ата кесенесі, Төлегетай-Қылышты ата кесенесі, Жанқожа батыр мазары, Бұқарбай батыр кесенесі, Қорқыт ата ескерткіш кешені, Құдай ананың иконасына арналған қасиетті Қазан соборы (Свято-Казанский храм иконы Божией Матери). Сонымен қатар осы тізімге енбеген орындар да баршылық. Қасиетті орын атауларына сөзжасамдық, лексика-семантикалық талдау жасалды, олардың ерекшеліктері атап көрсетілді. Сыр өңіріндегі қасиетті орындар тарихи-археологиялық, әдебиеттанымдық және этнографиялық тұрғыдан зерттелсе де, оны этносқа тән ұлттық құндылықтармен байланыста этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу мақаланың жазылуына негіз болды. 

96-107 158
Аннотация

Бұл мақалада белгілі лингвист ғалым, ХХ ғасыр басындағы қазақ тіл білімінің көрнекті тұлғасы, дарынды педагог, Байтұрсынұлы лингвистикалық мектебінің өкілі – Телжан Шонанұлының қазақ емлесі мен қазақлатын әліпбиі туралы еңбектері талданады. Т.Шонанұлының 1924-1930 жылдар аралығында жарияланған ғылыми мақалалары мен баяндамалары дереккөз ретінде алынып, ондағы жазу, емле, терминдер мен шеттілдік сөздердің жазылу мәселесі қарастырылады. Мақала үлкен екі бөліктен тұрады: бірінші бөлігінде Т.Шонанұлының төл сөздердің жазылуы, жалпы қазақ емлесіне арналған еңбектері талданады; екінші бөлігінде шеттілдік сөздердің жазылуы турасындағы ғылыми-публицистикалық мақалалары қарастырылады. Біз бұл еңбектерді бүгінгі қазақ емлесіндегі күрделі, даулы түйткілдермен және А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлының жазу туралы еңбектерімен салыстыра отырып, мазмұнын, мәнін, жаңалығы мен дәстүр жалғастығын ашуға талпындық. Зерттеу нәтижесінде қазақ жазуын, қазақ емлесін қалыптастыру, дамытудағы Т.Шонанұлының орны мен үлесіне лайықты баға беріледі. Мақала Алаш тіл білімін зерттеушілерге, жазу теориясын қарастыратын ғалымдарға, қазақ тіл білімінің тарихы туралы ақпарат алғысы келетін оқырмандарға арналған. 

 

108-120 140
Аннотация

Мақалада ғұрыптық рәсімдер этностың рухани өмірі мен мәдениетінің маңызды компоненттерінің бірі ретінде сипатталады. Олар лингвомәдени ұжымның нормаларын, құндылықтары мен тәжірибелерін ұрпақтанұрпаққа тасымалдайтын феномен ретінде қарастырылады. Осыған сәйкес адамның генетикалық жадында құрылымдық-бейсаналық білім ретінде сақталған және ғұрыптық рәсімдердің негізінде қалыптасатын екінші мәнді скриптонимдерге жан-жақты талдау жасау – зерттеу жұмысының мақсаты. Зерттеу мақсатына жету үшін ғұрыптық рәсімдерге қатысты тілдік деректердің екінші мағынаға ие болуы, репрезенттелуі жайында тұжырымдарға талдау жасалып, лингвомәдени кодтар айқындалып, талданады. Антропоөзекті парадигманың аясында ғұрыптық рәсімдердің негізінде қалыптасқан екіншілік мәнді скриптонимдердің, лингвомәдени кодтардың семантикалық ауысу тәсілдерін анықтау – қазақ халқының этникалық бірегейлігі мен тілдік санасының ерекшелігін айқындайтын әдіс ретінде танылады. Мақалада екіншілік мағынаға ие болған тілдік қолданыстардың мағынасын ашу үшін этимологиялық талдау, мәліметтерге концептуалды және лингвомәдени түсінік беру әдістері қолданылады. Зерттеу жұмысының нәтижесінде акционалды код құрайтын тілдік бірліктердің ішінде көбінесе тыйым сөздердің скриптонимдерге ұйытқы болатыны анықталады. Соның ішінде, екінші мағынаға ие болған скриптонимдердің қазіргі тілдік репрезентациясы қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері туралы жазылған еңбектер мен көркем әдебиет беттерінен алынған мысалдармен дәйектеледі. Зерттеу жұмысында талданған скриптонимдер мен оларға берілген лингвомәдени, концептуалдық түсініктерді мәдениетаралық қатысымды жеңілдететін құрал ретінде, өзге тілді аудиторияда қазақ тілінің төл сөздерінің мағынасын, этимологиясын түсіндіруде қолдануға болады.

ҚОЛДАНБАЛЫ ТІЛ БІЛІМІ 

121-128 156
Аннотация

Мақаланың мақсаты – дипломатиялық дискурстағы ресми мәлімдемелерді талдау әдістеріне шолу жасау, оларды салыстыру және анықтау. Ресми мәлімдеме әдетте өзекті тақырып бойынша ақпаратты қамтитын, сөздік қоры мен клишеленген тіркестері бар құжат болып табылады. Негізінен президенттер және дипломаттар тарапынан жасалатын мұндай мәтіндер әдетте ықшам келеді. Дискурсивті талдауда ресми мәлімдемелер көп жағдайда дипломатиялық қарым-қатынастарды орнату құралы ретінде қарастырылады, сондықтан ресми мәлімдемелерді талдауға арналған кейбір жұмыстар дипломатиялық дискурс аясында зерттеледі. Мақалада ресми мәлімдемелерді мәдениетаралық қарым-қатынас құралы ретінде қазақ тілінен ағылшын тіліне аудару мәселелері қарастырылады. Мақалада сипаттау, салыстырмалы әдістер және аударманы талдау әдісі қолданылады. Ресми мәлімдемелер аударма тұрғысынан әлі де кеңінен зерттелмегендігі мақаланың ғылыми жаңалығын айқындайды. Жұмыс теориялық және практикалық тұрғыдан маңызды болып табылады, себебі мақалада ресми мәлімдемелерді қазіргі таңда зерттеу мен аударудың негізгі стратегиялары қарастырылды. 

129-139 151
Аннотация

Тілдің өз ішінде болып жататын процестер мен сыртқы түрткіжайттардың ықпалынан кез келген тілдің жазу нормалары өзгеріп отыратыны белгілі. Осымен байланысты тілдік норма, емле, тыныс белгілері мәселелерін зерттеуге, жазу тәжірибесінде дағдыға айналған орфограммаларды заңдастырып, тілдің жай-күйінде анықталған жаңа құбылыстарды тіркеп, реттеуге бағытталған жұмыстардың жүргізілуі әрқашан маңызды да құнды болмақ. Зерттеу жұмысымыздың мақсатына сай мақалада қазақ тілінің тыныс белгілері мен емле ережелерінде белгіленген қағидалар мен нормалардың қазіргі жазу тәжірибесіндегі қолданысы қарастырылып, жазарман тарапынан ескерілмей жататын ережелер қатары, ала-құлалық тудырып жүрген жарыспа тұлғалар түрлері, олардың тіл нормаларына қатысы, қолданысқа түсу себептері мәселесінің жекелеген тұстарына назар аударылады. Зерттеу барысында тілдік материалды жинақтау, іріктеу, жүйелеу әдістері, сондай-ақ сипаттау, статистикалық, салыстырмалы, ортологиялық талдау әдістері қолданылады. Зерттеу нәтижелері мен берілген ұсыныстар қазіргі жазу тәжірибесінде ала-құлалық тудырып жүрген жарыспа қолданыстарды біріздендіру, нақтылай түсуді қажет ететін емле ережелерін толықтыру, оқушылар мен студенттердің жазу сауаттылығын арттыру ісіне өз деңгейінде үлес қосады. 

140-150 168
Аннотация

Мемлекеттік тілдің ақпараттық-инновациялық базасы, ғылыми-зерттеу және оқыту интернетресурсы ретінде Қазақ тілінің ұлттық корпусының (бұдан әрі – ҚТҰК) «Тарихи поэтикалық ішкорпусын» әзірлеудің қажеттілігі зерттеудің өзектілігін көрсетеді. «Тарихи поэтикалық ішкорпус» мәтіндер базасына VI-XIX ғғ. жазба мұралар мәтіндері қамтылуы қажет. Алайда қазіргі «Тарихи поэтикалық ішкорпус» әзірлеудің алқашқы кезеңінде корпус базасына XV-XIX ғғ. ескі қазақ поэтикалық мәтіндері енеді. Бұл кезеңдегі жазба мұралар мәтіндері араб графикасымен жазылған. Жазба мұралар қолжазбаларының екі немесе бірнеше нұсқасы болады және қолжазба мәтіндерінің басым көпшілігі қазіргі таңда кирил графикасына түскен. Осындай мәтіндерді корпус базасына енгізбестен бұрын лингвотекстологиялық өңдеулер мен түзетулер жүргізіледі. Мақаланың мақсаты – өзге тілдердің поэтикалық корпус әзірлеу тәжірибесін зерттеу, араб графикалы және кирилграфикалы мәтіндерге лингвотекстологиялық талдау жасау, ҚТҰК-ның «Тарихи поэтикалық ішкорпус» мәтіндеріне метабелгіленім қою мәселесін қарастыру. Бұдан зерттеудің мынадай міндеттері келіп шығады: біріншіден, поэтикалық ішкорпус әзірлеуде өзге тілдердің корпус тәжірибелеріне талдау жасап, артықшылықтарын анықтау; екіншіден, арабграфикалы және кирилграфикалы мәтіндерді салыстырып, лингвотекстологиялық талдау жүргізу; үшіншіден, тарихи поэтикалық метабелгіленімдердің параметрлерін анықтау. Зерттеудің практикалық мәні. Тарихи поэтикалық жазба мұралар мәтіндерін цифрландырып, корпустық мәтіндер базасын әзірлеу – жаңа филологиялық, этнолингвистикалық білімдер жүйесін қамтамасыз етуге, ғылыми тілдік зерттеулер жасауға ықпал етеді.

151-162 144
Аннотация

Қазақстанның білім беру кеңістігінде академиялық жазу концепциясы жаңадан әзірленіп, практикалық және теориялық тұрғыдан қарастырылып, жоғары оқу орындарында жаңадан енгізілуде. Дегенмен, бүгінгі күні әлеуметтік желілер тек қарым-қатынас пен ойын-сауық құралы ғана емес, олар білім беру құралы бола отырып, түрлі білім беру қолданбаларын студентке ұсынуда. Осы тұрғыдан алғанда біздің елімізде академиялық жазу мәселелері толығымен шешілді деп айтуға әлі ерте. Зерттеу жұмысымыздың мақсаты – қазақ тілінде академиялық жазудың электронды контентін жасау және академиялық жазу дағдыларын үйрететін цифрлық тіл тренажерлері мен сөздіктерді дайындау. Осы мақсатқа жету үшін біз бірқатар эмпирикалық зерттеу жүргіздік. Атап айтқанда, зерттеуіміз бірнеше кезеңнен тұрды: отандық және шетелдік зерттеушілердің жұмыстары Қазақстанның білім беру кеңістігінде академиялық жазу теориясы мен тәжірибесін, басқа елдерде академиялық дағдыларды оқытудың әдістері мен тәсілдерін айқындау мақсатында сараланды. Оның мазмұнын анықтау үшін үш жергілікті жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының түрлеріне эмпирикалық талдау жүргізілді, сондай-ақ ғылыми мерзімді басылымдардың бюллетеньдері арасында салыстырмалы талдаулар жүргізілді. Ғылыми жазудың бір түрі болып табылатын эссе  құрылымына талдау жасай отырып, оны бағалау критерийлері ұсынылды. Жиналған мәліметтер негізінде Қазақстандық студенттердің академиялық жазу дағдыларын дамыту үшін цифрлық тренажер құру мақсатында, білім беру саласында желілік құрылғыларды пайдалану әдістерін іздестірген шетелдік авторлардың еңбектері зерттелді. 

163-173 132
Аннотация

Мақалада Фейсбук әлеуметтік желісіндегі танымал тұлғалардың кейстерінде кездесетін конфликттік дискурсқа талдау жүргізілді. Жұмыстың мақсаты – әлеуметтік медиада орын алған конфликттік дискурсты теориялық түрде интерпретация жасау және киберкеңістіктегі цифрлық әңгімелесудің жаңа әдістерін әзірлеу. Зерттеу медиашындық жағдайында конфликтті коммуникация құрылатын «Facebook» әлеуметтік желісіндегі қоғамдық тұлғалардың медиамәтіндерін талдау негізінде жүргізілді. Автор мәтіндердегі конфликттердің туындау себептерінің шартты типологиясын ұсынуға тырысты. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы әлеуметтік желілердегі цифрлық сөйлесудің жаңа әдістерін анықтау мүмкіндігінде. Нақты жағдайлар лингвистикалық құралдарды пайдалана отырып, жауап жазбалар, түсініктемелер, бейне және аудио хабарламалар түрінде көрінетін белгілі бір конфликттік жағдайларға әкелетін жайттар ретінде ұсынылды. Тақырыптың практикалық маңыздылығы медиа-платформалардағы коммуниканттар арасында тиімді қарым-қатынас құру кезінде цифрлық коммуникацияның жаңа әдістерін қолдануда, өйткені қазіргі уақытта «пікір көшбасшылары» қоғамдық пікірді қалыптастырады және мемлекеттік үдерістерге ықпал етеді. Зерттеу әдістемесі «жек көру тілі» белгілері бар прецеденттік электронды медиатекстердің компаративті, мәтіндік және лингвистикалық талдауларын қолдануға негізделген. Зерттеу жұмысының нәтижелері қоғам мен мемлекет тарапынан жеккөрушілік риториканың өсуін динамизациялауға, құқықтық қарсы іс-қимыл мен этикалық реттеу әдістерін күшейтуге, сондай-ақ халықтың медиалық және ақпараттық сауаттылығын арттыруға жедел ден қою қажеттілігін негіздейді. Блогосфераны кәсібилендіру тұрғысынан конфликтілерді шешудің медиативті технологияларын қолдану, құрметті интерактивті орта тұжырымдамасын насихаттау және әлеуметтік желілерде жек көру тіліне қарсы іс-қимыл шараларын күшейту орынды.  

174-185 143
Аннотация

Қазіргі жазба коммуникация – ұлттық әдеби норма сипаттары мен  тіл динамикасына тән жаңа белгілерді танытатын күрделі сала. Тілдегі ұлттық сипат мен жаңа құбылыстар жазба коммуникацияның беделді тармақтарының бірі болып табылатын мерзімді баспасөз тілінде айқын көрінеді. Тіл динамикасындағы ерекшеліктер мерзімді баспасөздің негізгі функциялары: ақпарат беру және ықпал ету функцияларымен тікелей байланысты. Әсіресе қазіргі кезеңде баспасөздің ақиқат шындықты көркем суреттеуге арналған көптеген жанрларында оқырманды өзіне тарту, иландыру мүддесінде ықпал ету функциясы басымдық танытып келеді. Осыған байланысты баспасөз тілінде сөз жатықтығы мен әсерлілігі категорияларына қатысты тілдік бірліктер қолданылады. Мақаланың мақсаты – қазіргі мерзімді баспасөз тілінен жинақталып, іріктелген эмпирикалық материалдар мен ғылыми тұжырымдар негізінде сөз жатықтығы мен әсерлілігі ұғымдарын анықтау және оларға сөз мәдениеті тұрғысынан баға беру. Мақалада мерзімді баспасөз тіліндегі сөз жатықтығы мен әсерлілігі  ұғымдары жалпы тілі білімі және қазақ тіл біліміндегі сөз мәдениеті және стилистика салаларына қатысты іргелі еңбектерде тұжырымдалған пікірлер негізінде талданып, анықталды. Зерттеуде мерзімді баспасөзде соңғы онжылдық мерзім аралығында аталмыш құбылыстар көрініс табатын тілдік фактілер жинақталып, тақырыптық топтарға ажыратылды. Сонымен қатар мерзімді баспасөз тілінде берілген мәселені тереңірек талдау мақсатында сөз мәдениеті тұрғысынан сөз әсерлілігі  мен жатықтығы сақталмаған тілдік фактілер іріктеліп, оларға семантикалық талдау жасалды. Нәтижесінде мерзімді баспасөздегі сөз жатықтығы және сөз әсерлілігі сапасы қазақ тілінің жалпы тілдік қорындағы лексемалардың денотаттық және коннотаттық мағынасымен, сөздің семантикалық астары арқылы тіркесімділік қабілетімен, әдеби тіл нормалары, тіл амалдарын дұрыс қолдану мәселесімен тығыз байланысты тұжырымдалды. Мақалада талқыланатын мәселелер мен алынатын нәтижелерді қазақ тілтанымындағы сөз мәдениеті, функционалды стилистика, мерзімді баспасөз тілі, лингвопрагматика салалары бойынша терең ғылыми-практикалық зерттеулерде пайдалануға  болады.

186-198 125
Аннотация

Әлеуметтік медиа платформалары америкалық бірегейлік қалыптастыратын құндылықтар мен сезімдер туралы түсініктерді ұсына отырып, саяси көшбасшылардың халықпен тікелей байланыста болуы үшін таптырмас құрал ретінде қалыптасты. Бұл мақаладағы кешенді талдау президент Джо Байденнің Twitter-дегі аккаунтын зерттеп, оның қарым-қатынас жасауында көрінетін америкалық ұлттық мінез ерекшеліктері мен мысалдарын және оның Twitter-дегі сөйлеу ерекшеліктерін анықтауға бағытталған. Джо Байденнің 2024 жылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында жариялаған 498 твитін мұқият зерделеу арқылы бұл зерттеу америкалық бірегейлікке қатысты жалпы қабылданған сенімдер мен идеалдарға сәйкес келетін қайталанатын тақырыптарды, құндылықтар мен көңіл-күйлерді анықтайды. Табиғи тілді өңдеу әдістерін, статистикалық сипаттамалық және мазмұнды талдауды пайдалана отырып, Джо Байденнің коммуникациялық стратегиялары және олардың ұлттық бірлікті насихаттайтын және демократиялық құндылықтарды нығайтатын қоғамдық қабылдауды қалыптастырудағы маңызы түсіндірілді. Джо Байденнің «Америка» және «америкалық» деген сөздері бар Twitter-дегі посттарын талдай отырып, бұл мақала президенттің АҚШ-қа деген көзқарасын білдіру үшін Twitter-ді қалай пайдаланатыны жайында егжей-тегжейлі түсінік береді.

199-208 148
Аннотация

Мақалада америкалық газеттер дискурсында фразеологиялық бірліктердің қолданылу мәселелері қарастырылады. Фразеологиялық бірліктер газет мақалаларының стиліне, реңкіне және коммуникативті бағытына әсер ете отырып, олардың тілін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Газет мәтіндерінде қолданылған фразеологизмдердің ерекшеліктеріне, сондай-ақ олардың оқырмандардың қызығушылық деңгейіне ықпал етуіне ерекше назар аударылады. Зерттеуде фразеологиялық бірліктерді контексттік қолдану ерекшеліктерін анықтау мақсатында 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында «The New York Times» және «The Washington Post» сияқты ең көп тараған екі америкалық газетте жарияланған мақалаларға жан-жақты талдау жасалды. Зерттеу материалы ретінде саяси және ғылыми жаңалықтарды қамтитын мақалалардан жаппай іріктеу әдісі арқылы алынған елу екі фразеологиялық бірлік қарастырылды. Зерттеудің теориялық негізін фразеология және газет дискурсы мәселелерін зерттеген Копыленко (1978), Naciscione (2010), Fairclough (1995), Минаева (2022) және басқа да ғалымдардың еңбектері құрады. Зерттеу нәтижесінде фразеологиялық бірліктерді таңдау мақала авторының ниетіне тікелей байланысты екені анықталды, бұл ой мен эмоцияны нақты әрі нанымды жеткізуге және оны реципиентке жеткізуге мүмкіндік береді. Зерттеу барысында фразалық етістіктердің басым бөлігін үстеулік демеуліктер қамтитыны анықталды, бұл анықталған фразалық етістіктердің жалпы санының 35%-дан астамын құрайды. Мақала авторлары сонымен қатар up үстеулік демеулігінің мағыналық кластерлерін жасады. Талдау негізінде хабарды қысқа да нұсқа жеткізу үшін фразалық етістіктерді қолдану газет дискурсына тән қасиет екені анықталды; идиомалық тіркестер, керісінше, мәтінге мәнерлілік қосу үшін қолданылады. Қорытынды бөлімде америкалық газеттердегі фразеологиялық бірліктердің қолданылуына қатысты ғылыми тұжырымдар берілді.

209-223 128
Аннотация

Ғаламдық интернет желісі коммуникацияны жүргізудің жаңа жағдайларын жасайды, онда белгілі бір факторлардың әсерінен интернет-коммуникацияға қатысушылардың өзара әрекеттесуі қалыптасады және жүзеге асырылады. Мақаланың мақсаты – қазақстандық блогосферада виртуалды тілдік тұлғаны қалыптастыру және іске асыру факторларын, атап айтқанда оның қалыптасуының мәдени және әлеуметтік аспектілерін анықтау. Мақалада виртуалды тілдік тұлғаны әртүрлі аспектілерде зерттеуге арналған зерттеулерге қысқаша шолу берілген. Виртуалды ортада тілдік бірегейлікті қалыптастыру және білдіру ерекшеліктері қарастырылып, Қазақстан блогософерасына назар аударылады. Авторлар тақырыптық және жанрлық фокусты, блогерлердің өзін-өзі таныстыру және аудиториямен қарым-қатынас жасау үшін белгілі бір тілді қолданудағы артықшылықтарды талдайды; мазмұны ұлттық ерекшеліктерімен ерекшеленетін блогтардан мысал келтіреді. Зерттеу блог мәтіндерін, аудиторияның пікірлері мен реакцияларын талдауға, сондай-ақ қазақстандық блогосфераның белсенді қатысушыларымен сұхбатқа негізделеді. Жұмыс нәтижелері қазақстандық виртуалды орта контекстінде тілдік тұлғаның ерекшеліктерін жақсы түсінуге және қазақстандық блогсоферада тіл мәдениеті мен виртуалды тілдік тұлғаның бірегейлігін қалыптастыруға әсер ететін негізгі факторларды айқындауға мүмкіндік береді. 

224-233 190
Аннотация

Қазіргі кезде БАҚ-тағы прецедентті мәтіндердің қолданысы мәселесі қызықты әрі өзекті тақырып болып отыр. Прецедентті феномендер – ұлттық мәдени құндылықтарды жеткізетін әрі қалыптастыратын құбылыс. Сол себепті журналистер өз мәтіндерінде мұндай келтірінді құрылымдарды кеңінен пайдаланады. Солай өз жұмысының ерекшелігін танытады, оқырманның қызығушылығын арттырады, назарын тез аудартады және хабарды ықшамды жеткізе біледі. Осы мәселені зерттеуді көздеген мақаламыздың мақсаты – прецеденттілік мәселесін қарастыра отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында кездесетін прецедентті мәтіндерге талдау жасау және жинастыру. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделді: прецеденттік феномен, прецедентті мәтін ұғымдарына анықтама беру; қазіргі публицистикадағы прецедентті мәтіннің алатын орнын, негізгі рөлін анықтау; прецеденттіліктің негізгі дереккөздеріне тоқталу; газет дискурсындағы прецедентті мәтіндердің когнитивтік және лингвомәдени аспектілерін қарастыру. Зерттеу барысында сипаттау, талдау, жинақтау, салыстыру әдістері қолданылды. Мақаламыздың негізгі бөлімі бойынша қазақтілді және орыстілді жастар арасында сауалнама жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде прецедентті мәтіндердің баспасөз беттеріндегі көрінісі талданды. Сауалнама жүргізу арқылы жастардың танымындағы прецедентті мәтіндердің танылуы, қабылдануы анықталды. «Шырағың сөнбесін», «Оянған өлке», «Оян, қазақ!» шығармаларының прецедентті мәтін ретінде газет дискурсындағы көрінісі зерттелді. Зерттеу нәтижелерін оқу орындарында стилистика, мәтін лингвистикасы, журналистика мамандығына арналған пәндерді оқытуда пайдалануға болады.  



ISSN 2411-6076 (Print)
ISSN 2709-135X (Online)