Preview
№ 4 (2024)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)

ТЕОРИЯЛЫҚ ЛИНГВИСТИКА 

12-24 155
Аннотация

Мақалада Маңғыстау облысындағы құдық атауларының лингвистикалық және мәдени мағыналары қарастырылды. Құдық атауларына тарихи және этимологиялық талдау жасау арқылы жергілікті тұрғындардың дәстүрлерін және осы құрғақ ландшафтыларды мекендеген немесе саяхаттаған адамдардың ықпалы анықталды. Мақалада тарихи зерттеулер жүргізілді. Құдық шөлдің қатал климатында өмір сүретін тұрғындар үшін де, мекендейтін жануарлар үшін де маңызды екені және көшпелі халықтың құдыққа атау берудегі рөлі айқындалды. Құдық атауының мәдени мағынасы зерттелді. Мақала географиялық атаулардың адамның ландшафтымен өзара әрекеттесуінің дәлелі ретінде қалай қызмет ететінін түсіну үшін этимологиялық зерттеу ұсына отырып, Маңғыстаудың мәдени және тілдік мұрасын сақтауға үлес қосуға болатыны дәлелденді. Мақаланың мақсаты – Маңғыстау өңіріндегі 20 құдық атауының тарихы мен мәдени мазмұнын түсіндіру. Маңғыстаудағы құдық атауларының этимологиясын зерттеуге тиімді болған әдістер: лингвистикалық талдау, тарихи зерттеулер, географиялық талдау, салыстырмалы талдау. Осы кешенді әдістерді пайдалана отырып, мақалада Маңғыстаудың лингвистикалық және географиялық мұрасы ретінде құдық топонимикасы маңызды орынға ие екені дәйектелді. Мақалада Маңғыстау өңіріндегі 20 құдық атауына этимологиялық талдау жасалды. Құдық атаулары тек топонимдік атау емес, өңірдің тарихы мен мәдениетін танытушы нысан ретінде лингвогеографиялық бірлік деп танылды. Мақаланың практикалық маңыздылығы құдық атауларының этномәдени мағынасын түсіндірумен ерекшеленеді.

25-39 157
Аннотация

Мақала қазақ және түрік паремиологиялық қорының өзіне тән ерекшеліктерін зерттеуге арналған. Бұл зерттеудің мақсаты – қазақ және түрік мақал-мәтелдерінің өзара синергиялық байланысын, олардың ортақ және ерекше белгілерін анықтау. Зерттеу мақсатын іске асыру үшін ғылыми теориялық зерттеу әдістері қолданылды. Қазақ тіліндегі 340, түрік тіліндегі 309 паремиялық бірлік аясында талдау жүргізілді. Бұл зерттеу нәтижесінде автор қазақ және түрік мақал-мәтелдерінің когнитивтік, этнолингвистикалық, прагматикалық, синергетикалық аспектілері бойынша белгілі бір ұқсастықтар мен айырмашылықтар кешені бар деген қорытындыға келді. Жеке логикалық бірлік, тілдік құбылыс, қоршаған дүниені көркем қабылдау нысаны ретінде қарастырылатын паремиялардың синергиялық байланысы, олардың қазіргі шығыс мәдениетіндегі ерекше рөлі талданды. Ұлт менталитетінің, оның дүниетанымы мен қоршаған әлемге қатынасын көрсететін паремияларды жеке тілдік бірлік ретінде зерттеу маңызды. Әрбір ұрпақтың ата-бабасының ұлттық, дәстүрлі, мәдени, тұрмыстық, этникалық көзқарасын жаңғыртуға шақыруы ұсынылған тақырыптың өзектілігін дәйектейді. Қазақ-түрік паремиологиялық қорын лингвосинергиялық аспектіде зерттеу, қыпшақ және оғыз топтарына жататын паремиялардың жалпы және ерекше белгілерін талдау, қазақ-түрік паремиологиялық қорының лексемаларына статистикалық-семантикалық талдау жасау зерттеудің өзіндік ерекшелігі мен жаңалығын көрсетеді.

40-50 81
Аннотация

Соңғы кездері ғылымда құрылымы әртектес тілдерді салыстыра зерттеу өзектілігі еш кеміген емес. Сондай ғылыми жіті назарды аударатын мәселенің бірі ағылшын және орыс тілдеріндегі «құру/жою» дихотомиясына қатысты туындап отыр. Аталған саланы зерттеушілер «құру/жою» дихотомиясын адамның танымы мен мінез-құлқын терең түсіну тұрғысынан зерттеуге басымдық беріп келеді. Бұл дихотомия когнитивтік және құрылымдық-семантикалық аспектілерді қамтиды, олардың әрқайсысы танымдық тұрғыдан ақпарат беруде мол мүмкіндікке ие. Когнитивтік тұрғыдан ол қиял, шығармашылық, когнитивтік бейімділік сияқты процестерді, сондай-ақ есте сақтау, зейін және қабылдау сияқты механизмдерді қамтиды. Құрылымдық-семантикалық тұрғыдан ол «құру/жою» құрылымдарының мәні мен қолданылуын анықтайтын тұжырымдамалық сипатқа ие болады. Мақалада ағылшын және орыс тілдерінде кездесетін «құру/жою» дихотомиясының беретін мәнін түсіндіру мақсатында екі тілдегі эмпирикалық материалдарға талдау жасалады, салыстырмалы мәні сипатталады. Зерттеу арқылы аталған құрылымның лингвистикалық, когнитивтік және құрылымдық аспектілері қарастырылып, аталған саладағы зерттеушілер мен ізденушілер еңбектеріне шолу жасалады. Сонымен қатар мақалада «құру/ жою» дихотомиясының когнитивтік және құрылымдық-семантикалық аспектілері, сондай-ақ олардың білім беру ортасында қолданылуы қарастырылады. Эмпирикалық зерттеулер бірлесе оқу, рефлексия, елестету ойыны және когнитивтік бейімділіктерді шешу білім беру тәжірибесіне оң әсер ететінін көрсетті. Осы нәтижелерді оқыту мен оқу процесіне енгізу арқылы оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауы, есептерді шешу дағдылары, шығармашылық қабілеттері мен метатанымы артатыны анықталды.

51-61 90
Аннотация

Жалпы жeкe aдaмның өмiр cүру қaғидaлaрын бiлдiрeтiн пcихo-мәдeни eрeкшeлiктeрi (киiм киici, жүрic-тұрыcы, cөйлeу мәдeниeтi мeн өзгe дe құндылықтaры) тұтac ұлттың бoлмыcын тaнытaды. Әciрece, бүгiнгi тaңдa пcихoлoгия ғылымының зeрттeу ныcaны рeтiндe қaрacтырылып жүргeн мiнeз-құлық нoрмaлaры лингвoмәдeни, этнoмәдeни acпeктi тұрғыcынaн дa aйрықшa кaтeгoрия caнaлaды. Өйткeнi кoммуникaтивтiк, прaгмaтикaлық, диcкурcтық жaғынaн aлғaндa, aдaм мiнeз-құлқы әртүрлi әлeумeттiк тoптaр мeн ұйымдaрдың ғaнa eмec, тұтастай бір ұлттың, eлдiң мәдeниетін танытады. Coндықтaн мiнeз-құлық түciнiгiн этнoлингвиcтикaлық, лингвoмәдeниeттaнымдық фeнoмeн рeтiндe зeрттeудiң ғылыми мәнi зoр. Ocығaн cәйкec мaқaлaдa aдaм мiнeз-құлқын cипaттaйтын cын eciмдeр мeн тұрaқты cөз тiркecтeрiнiң этнoмәдeниeттaнымдық aяcы қaрacтырылды. Мiнeз-құлық eрeкшeлiктeрiн бiлдiрeтiн cын eciмдeрдiң лeкcикa-ceмaнтикaлық тoптaры aйқындaлып, aтaлғaн лeкcикaлық бiрлiктeрдiң бiрнeшe мәдeниeткe oртaқ бeлгiлeрi caрaлaнды. Oң жәнe тeрic ceмaнтикacы бaр aдaмның мiнeз-құлқын тaнытaтын cын eciмдeрдiң cинoнимдiк-aнтoнимдiк қaтaры aлтaй тiлдeр тoбынa жaтaтын өзгe тiлдeрмeн caлыcтырылып, oлaрдың түпкi этимoлoгияcынa нaзaр aудaрылды. Автoрлaр oтaндық жәнe шeтeлдiк тiлшiғaлымдaрдың eңбeктeрiнe cүйeнe oтырып, бүгiнгi тiлдiк қoрымыздa жиi қoлдaныcқa түce бeрмeйтiн cөз бiрлiктeрiнiң этнoлингвиcтикaлық мaңызынa жaн-жaқты тoқтaлды. Coндaй-aқ aдaм бoйындaғы кeйбiр жaғымcыз мiнeзқұлықтaрды cипaттaйтын cлeнгтeр мeн инвeктивтi тiркecтeрдi қазақ, орыс, алтай тiлдeрiндeгi мeтaфoрaлық тeңeулeрмeн caлыcтырып, oлaрдың лингвoмәдeниeттaнымдық нeгiздeрiнe тaлдaу жacaлды. Этнолингвистика мен этномәдениеттану сын есімдерді халықтың дүниетанымы мен мәдени құндылықтарын бейнелейтін көпқырлы құбылыс ретінде қарастырады. Бұл зерттеу осы екі ғылымды біріктіре отырып, қазақ халқының тілдік және мәдени мұрасын кешенді талдауға мүмкіндік береді.

62-71 75
Аннотация

Сөзжасам – тілдің лексикалық қабатын байыту жолдарының бірі болса, аффиксация сөзжасамдағы жаңа сөздердің жасалуының өнімді тәсілдерінің бірі. Агглютинативті тілдер, оның ішінде түркі тілдері үшін аффиксацияның практикалық маңызы зор. Бұл мақалада ортағасырлық түркі, атап айтқанда, 13-15 ғасырларда Мысыр мен Шамда мәмлүктер билігі тұсында қолданылған мәмлүк-қыпшақ тілінде, сондай-ақ қазіргі Қазақстан мен Түркия Республикаларының мемлекеттік тілі болып отырған қазақ және түрік тілдеріндегі іс-әрекет иесін, жасаушысын білдіретін сөзжасамдық аффикстер тобы қарастырылады. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына жатса, түрік тілі оғыз тобына жатады, ал мәмлүк-қыпшақ тілі болса, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік құрамы жағынан көрінетін осы екеуінің арасындағы аралас топқа жатады. -çı, -çi, -çu, -çü, -шы, -ші аффикстері кәсіп немесе бір нәрсемен айналысу; қызмет атауы; бір нәрсеге сену; бір нәрсеге деген сүйіспеншілік; жер-су атауларды білдіреді де, түбірге – зат есімге жалғанады. Сонымен қатар зерттеуде аталмыш үш тілдегі іс-әрекет жасаушы аффикстердің мағынасы мен қызметі арасында параллель жүргізіледі.

72-79 90
Аннотация

Бұл мақалада қазақ және ағылшын тілдеріндегі просодикалық сипаттамаларды анықтау мен сипаттау мәселелері қарастырылады. Зерттеу барысында екі тілдің интонациялық жүйелері салыстырмалы түрде талданды. Бұл сипаттамалардың осы тіл иелмендерінің сөйлеуінде қалай көрініс табатынына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар шет тілін үйрену барысында, әсіресе аудиториялық жағдайда, екі тілде сөйлеу кезінде ана тілі просодиясы мен шет тілі фонетикалық жүйелерінің өзара әрекеттесуінің әсері қарастырылады. Зерттеу нәтижелері синтагманың әр тілдің фонетикалық құрылымына тәуелді екенін көрсетті. Бұл мәліметтер қазақ және ағылшын тілдеріндегі сөйлеу мәнерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Айырмашылықтар шет тілінің интонациясы мен ырғақтылығын үйренуді қиындатуы мүмкін, сондықтан қосымша зерттеулерді талап етеді. Сөйлеу сегменттеріндегі екпінді қабылдау ерекшеліктері қазақ және ағылшын тілдеріндегі екпіннің функционалдық маңыздылығының әртүрлі екенін айқындайды. Зерттеуде интонацияны құрылымдық талдау әдісі қолданылды, сондай-ақ мақала сипаттамалық болып табылады және зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми әдебиеттерге талдау жүргізілді. Бұл талдаулар қазақ және ағылшын тілдерінің просодикалық құрылымдары арасындағы айырмашылықтарды терең зерттеуге негіз болады.

80-89 82
Аннотация

Мақала қазақ дүниетанымындағы «кеңістік» ұғымын зерттеуге арналған. Кеңістік – адам ойлауының әмбебап категориясы ретінде барлық этностар мен дәуірлерге тән категория. Математика, физика, география, философия және лингвистика сияқты ғылымның әртүрлі салаларында қарастырылады. Мақалада кеңістік ұғымы түркі халықтарының санасы, атап айтқанда, ұзақ тарихи даму кезеңіндегі қазақтардың менталитеті негізінде талданады. Мақаланың мақсаты – көркем шығарманы талдау арқылы қазақ халқының кеңістікті қабылдау мен түсіну ерекшеліктерін зерттеу. Талдау Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясына негізделген. Зерттеу жұмысында түркі халықтарының көшпелі мәдениетін көрсететін дала, жер және жол тірек сөздеріне назар аударылды. Аталған сөздерді семантикалық талдау нәтижесінде қазақ халқының санасындағы кеңістікті білдіретін әртүрлі аспектілер мен олардың көпмағыналылығы ашылды. Тілдік бірліктерден кеңістіктің динамикасын, қозғалысын, кеңдігін, түсін, көлемін, сипатын білдіретін, сонымен қатар өлшем мен аумақ қатар келетін көрсеткіштер анықталды. Зерттеу нәтижесінде қазақ дүниетанымында кеңістік әр кезең сайын дамып отыратын, қазақтың көшпелі өмір салтымен, кеңістіктегі қозғалысымен, тарихи бастан кешкен оқиғалармен тығыз байланысты негізгі әмбебап категория деген қорытынды жасалды.

Бұл мақала бұл уаұытқа дейін басқа журналдарда жарияланбаған

90-98 73
Аннотация

Мақалада Жетісу аймағы су нысаны атауларының тарихи-танымдық қабаттары жайында, атап айтқанда, оның ежелгі көне түркілік қабаты туралы сөз болады. Тіл ғылымының қазіргі кезеңінде осы көне түркілік қабатқа тән саналатын атаулардың түпкі мазмұнындағы дүниетанымдық ақпаратты айқындап, халықтық біліммен жете танысу өзекті мәселе болып отырғаны анық. Мақаланың мақсаты – дыбыстық, құрылымдық өзгерістерге ұшырау нәтижесінде қазіргі кезеңде мағынасы түсініксіздеу (Лавар, Лабасы т.б.) көрініп жүрген атаулардың архисемасын этимологиялық талдау әдісі арқылы жаңғыртып, халықтың білім негізін таныту, атаулардың құрылымдық, аталымдық белгі тұрғысындағы ерекшелігін көрсету. Зерттеудің жетекші идеясы – топономиканың ең көне әрі тұрақты қабаты болып табылатын су нысаны атауларының қазақ халқының өмір сүру дағдысы, тыныстіршілігінің, тарихының куәсі саналу себебін анықтау. Кіріспе бөлімде антропоөзектік бағыт зерттеулеріне сәйкес тіл мен мәдениет сабақтастығы ұлт мәдениетінің әр кезеңіндегі көріністерін бойына жинақтаған терең мазмұнды тілдік қабаттары жайындағы зерттеулерді сараптау негізінде дәйектелді. Мақалада топологиялық кеңістікті лингвистикалық зерттеу әдіс-тәсілдерін қолдану көне гидронимдер өзегіндегі этномәдени семантиканы анықтауға мүмкіндік берді. Негізгі нәтижелер есте жоқ ескі замандарда пайда болған нақты су нысаны атауларын талдау арқылы алынды. Зерттеудің ғылыми құндылығы нәтижелердің этнолингвистика, лингвомәдениеттану т.б. салалары бойынша зерттеулерге өзіндік үлес қоса алатындығымен түсіндіріледі. Сонымен қатар талданған деректерді лингвомәдениеттану, этнолингвистика салалары бойынша сөздіктер, мәтіндер құрастыруда пайдалануға болады.

ҚОЛДАНБАЛЫ ТІЛ БІЛІМІ 

99-115 89
Аннотация

Соңғы лингвистикалық зерттеулер адам концептосферасындағы тіл бірліктерінің рөлі мен орнын қарастыруға бағытталған, сонымен қатар тілдің лингвомәдени аспектісіне көп көңіл бөлінеді. Белгілі бір лингвомәдениетті жан-жақты зерттеу ұлттың дүниетанымын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Мәдениетаралық қарым-қатынас аясында ақпарат пен құндылықтармен алмасу әр мәдениеттің өзара түсіну көкжиегін кеңейтуге ықпал ететіні аян. Зерттеу нысаны ретінде «береке» этноспецификалық концептісі таңдалды, өйткені бұл концепт сол тілде сөйлейтіндер үшін мәдени маңызы бар және тілдің лингвомәдени кодының табиғатын терең ашатын концепт болып табылады. «Береке» концептісі ұлттық-мәдени және құндылық аспектілерін біріктіретін лингвомәдени код ретінде қарастырылады. Қазақ мәдениетіндегі «береке» концептісі көпқабатты және көпмағыналы болып келеді. Оны зерттеу қазақ мәдениетінің рухани, әлеуметтік және тарихи ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл концепт қазақ өмірінің маңызды бірлік, игілік, қоғам, табиғатпен байланыс және рухани байлық сияқты аспектілері арқылы бейнеленеді. Зерттеу жұмысы Қазақ тілінің ұлттық корпусынан алынған материалдар негізінде жүргізілді, сондай-ақ жұмыста лексикографиялық сөздіктерден алынған деректер қолданылды.

116-134 97
Аннотация

Мақалада кеңестік және тәуелсіздік кезеңіндегі тілдік жағдайдың типологиялық белгілері, тілдік ортадағы этникалық-тілдік құрылымдардың саны, этнотілдік алуантүрліліктің деңгейі, әр тілде сөйлейтін халықтың үлесі, тілдік құрылымдардың демографиялық қуаты, әр тілдік құрылымның жалпы коммуникативтік қызметтер санына қатысты жүзеге асыратын қызметтері, тілдік құрылымдардың салыстырмалы коммуникативтік қуаты, сондай-ақ тілдердің заңдық мәртебесі қарастырылады. Бір сөзбен айтқанда, тілдердің арақатынасының мемлекеттік тұрғыдан регламенттелу сипаты, тілдік жағдаятты құраушы тілдердің генетикалық жақындық деңгейі, ағымдағы тілдік жағдаятта беделді тілдің этникалық шығу тегі, социумның бірге қолданып отырған тілдерін бағалауы бойынша талданды. Ескерте кететін жайт, мақалада кеңестік кезең ретінде тәуелсіздік алған жылдан бұрынғы жиырма жылдық аралықтағы уақыт алынды. Мақаланың өзектілігі: Қазақстанның көпэтносты құрылымы мен мәдени әртүрлілігіне байланысты тілдік саясат елдің қоғамдық тұрақтылығына, экономикалық дамуымен қатар, мәдени құрмаласуына <лат. Integratio>да әсер етеді. Тәуелсіздік алғаннан бері тіл саясатының өзгерісі мен қазіргі тілдік жағдайды талдау бүгінгі күні өзекті болып табылады. Жаңалығы: зерттеу барысында кеңестік кезеңнің тілдік саясатын және оның ұзақмерзімді әсері мен салдарын тәуелсіздік кезеңімен салыстыру арқылы Қазақстандағы тілдік жағдаяттың трансформациясын көрсету, жаңа үрдіс пен трендтерді анықтау, жаңа дереккөздерін, оның ішінде соңғы зерттеулер мен статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып, қазіргі тілдік жағдаяттың әлеуметтік-тілтанымдық сипатын, ондағы қазақ тілінің рөлін, тілдік жағдаяттың болашақ даму динамикасын бағамдау. Практикалық маңызы: зерттеу нәтижелері тілдік саясат саласындағы ғалымдар мен мамандарға, социолингвистерге, социологтар мен саясаттанушыларға Қазақстан Республикасының тілдік саясатын жетілдіру, мәдениаралық коммуникацияны дамыту және көптілділікті қолдау бойынша ұсыныстар жасауға көмектесуі мүмкін. Сонымен қатар білім беру жүйесі мен мәдениет саласында тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты практикалық ұсыныстар беруге де мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

135-146 73
Аннотация

Қазақ тіліндегі техникалық терминдердің жасалуы әртүрлі жолмен жүзеге асады. Көбінесе, терминологияны тілдің барлық лексикалық жүйесімен байланыстыратын терминжасамның морфологиялық, лексика-семантикалық тәсілдері қолданылады. Соңғы жылдары жалпыға ортақ сөздердің терминдену процесі және жаңа салалық терминдердің метафоралық жолмен жасалуын зерттеу кеңінен өріс алып келеді. Мақала авторларының мақсаты – мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салалары терминдерінің метафоралану жолын зерттеу және оларды тақырыптық модельдер бойынша топтастырып, жіктеу. Қазақ тіліндегі мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салалары бойынша жарық көрген терминологиялық сөздіктердегі лексикалық бірліктерді зерделеу барысында біраз терминдердің мағыналық жағынан адамға, оның ортасы, әрекеті, киім-кешек, тұрмыстық заттар мен құрал-жабдық, жан-жануар, құстар, олардың түрі мен әрекетіне ұқсату жолымен метафораланатыны айқындалды. Әлемдік және отандық термин түзу тәжірибесін басшылыққа алу, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салалары сөздіктерін талдау және зерттеу арқылы осы сала терминдерінің метафоралану тәсілімен жасалуы сөздердің мағынасының нақтылы бір заттың немесе жабдықтың сыртқы түрінің немесе атқаратын қызметінің белгілеріне мағыналық жағынан ұқсастықтарына қарай терминденуі негізінде жүзеге асатыны анықталды. Ұсынып отырған мақалада талданып отырған сөздіктен «Мұнай-газ химиясы және мұнай өңдеу әлемі – Адам» моделі бойынша топтастырып алған қазақ тілі терминдерінің тілдік-құрылымдық қыры жіктелді. Сөздіктегі адам және оның өміріне, іс-әрекетіне, қызметіне, қатынасына және тағы басқа ұқсату жолымен түзілген терминологиялық бірліктердің жасалу жолын талдау нәтижесі, олардың сандық және пайыздық көрсеткіштері диаграммалар арқылы көрсетілді. Сөздік материалдарын талдау барысында жалпы салалық, соның ішінде, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы саласы терминдерінің метафоралану жолымен жасалуы терминжасамда өнімді тәсілдердің бірі болып табылатыны анықталды.

147-154 61
Аннотация

Мақалада діни сөздердің лексикалық және мәдени семантикасы жайлы айтылады. Діни сөздердің мәдени семантикасы халықтың танымымен, сенімімен, ұлттық болмысымен байланысты ашылады және діни мазмұндағы ақпараттар қосымша қамтылады. Себебі дәстүрлі діни таным ұлттық болмысымыздың өзегі болып табылады. Қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, наным-сенімі мен болмыс-бітімі ислам дінімен байланысты екені белгілі. Осымен байланысты ауыз және жазба әдебиетте, ертегілерде, мақал-мәтелдерде діни сөздер кездеседі. Мақалада «Бабалар сөзіндегі» діни дастандарда кездесетін діни сөздерге талдау жасалды. Осы ретте сипаттау, этнолингвистикалық, лексика-семантикалық әдістер қолданылды. Мақаладағы діни сөздердің лексикалық және мәдени-семантикалық жағынан талдануының теориялық және практикалық маңызы бар. Мақала нәтижелерін лингвомәдени сөздік жасауда, Ұлттық корпус базасын толықтыруда, докторанттар мен магистранттардың зерттеу жұмысында пайдалануға болады.

155-163 60
Аннотация

Мақалада мәтінді автоматты танудың фонетика-фонологиялық жолдары мен үлгілері қарастырылып, қазақ тілінің фонематикалық принципі көрсетілген. Сондай-ақ қазақша мәтіндерді компьютерге икемдеуді алғаш рет сөз етіп, теориясын негіздеп, практикасын жүзеге асырып, іс жүзінде көрсетіп берген ғалымдардың еңбектеріне шолу жасалған. Компьютерлік және ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект бүгінгі күні заманның жаңа ағымына сай өзінің даму үдерісін тоқтатпай жаңару үстінде. Мұндай ақпараттық технологиялардың қатарына компьютерлер, смартфондар, гаджеттер т.б. жатады және бұл құрылғыларды барлық тұтынушылар күнделікті тұрмыста қолданады. Сол себепті де мәтінді автоматты тануды күннен-күнге жетілдіріп, жаңартып отыру қажет. Қазіргі кезде дыбыстарды автоматтандыру қазақ ғылымының жаңа бір қырын көрсетуде. Фонематикалық принцип жазба тілде ерекше маңызға ие. Бұл принципке сәйкес жазу жүйесінде бір фонема үшін әрдайым бір ғана графема қолданылуы қажет. Мұндай ұстаным жазуды бірізділікке келтіруге және оқуды жеңілдетуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сол арқылы қазақ тілінің жаңа мүмкіндіктері қарастырылмақ. Мәтінді автоматты танудың негізгі нәтижелерін қазірдің өзінде кез келген оқырманның тілге қатысты алуан түрлі сұранысын өтеуге дайын Қазақ тілінің ұлттық корпусынан көруге болады.

164-176 75
Аннотация

Зерттеудің негізгі мақсаты – қазақстандық студенттерге Қазіргі американдық ағылшын тілі корпусы (COCA) материалдарын қолдану арқылы ағылшын тілін оқыту және оқушылардың корпустық әдісті қолдану барысындағы көзқарастарын зерттеу. Бұл зерттеуге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқитын отыз үш екінші курс студенті қатысты (ағылшын тілін меңгеру деңгейі – B1). Екінші курс студенттері кездейсоқ түрде екі топқа бөлінді: тәжірибелік және бақылау топтары. Зерттеу нәтижесінде студенттер үш грамматикалық құрылым мен технология, өнер мен подкастарға қатысты жаңа вокабулярды меңгереді деп күтілді. Тәжірибелік топтағы студенттер аталып өткен грамматикалық құрылымдар мен сөздікті корпустық материалдарды қолдану арқылы үйренді; ал бақылау тобы тек стандартты оқулықтарды ғана қолданды. Деректерді жинау және сандық талдау алдын ала тестілеу, кейінгі тестілеу және Лайкерттің бес балдық шкаласы бойынша бағаланған сегіз сұрақтан тұратын сауалнама арқылы жүзеге асырылды. Тестілеуден кейінгі статистика стандартты оқулықтардағы жаттығулармен салыстырғанда корпус материалдарын пайдаланудың тиімділігін анықтады. Сонымен қатар сауалнама нәтижелерін талдау деректері студенттердің ағылшын тілін оқытуда тілдік корпустарды қолдануға бейтарап көзқарасын анықтады.

177-186 119
Аннотация

Мақалада М. Жұмабаевтың «Туған жер» өлеңіндегі көркемдік-бейнелеу құралдары мен олардың орыс, түрік тілдерінде екі нұсқадағы аудармалары лингвомәдени тұрғыдан қарастырылады. Көркемдік-бейнелеу құралдары кез келген көркем туындының негізгі әсемдеу элементтері болып табылады және автордың өзіндік стилін көрсетеді. Кейде көзге бірден түсетін эксплицитті, кейде астарлы имплицитті семантикаға ие көркемдеу құралдарының оқырманға әсер ету әлеуеті өте жоғары. Сол себепті аудармашыға поэзияны түпнұсқадағыдай толыққанды тәржімелеу қиынға соғады. М. Жұмабаевтың поэзиясы қазақ әдебиетінің құнды қазынасы және әлемнің әртүрлі тілдеріне аударылып келеді. Алайда аударма сапасы мен конструктивті сыны бір жолға қойылмаған, жүйелі зерттеу нысанына айналмаған. Сондықтан аталмыш мақалада ақынның «Туған жер» өлеңіндегі көркемдік-бейнелеу құралдарын іріктеп, атқарып тұрған функционалды-когнитивтік қызметін интерпретациялап, түпнұсқа/аударма жұбында бір-біріне туыстығы жоқ екі орыс және екі түрік тіліндегі аударма нұсқаларында семантика-құрылымдық салыстырмалы талдау жасауды мақсат еттік. Зерттеу жұмысының методологиялық негізі аударматану саласындағы озық, заманауи зерттеу еңбектерінен құрылды. Талдау нәтижесінде қазақ тілінен түрік, орыс тілдеріне аудару барысында қолданылған аударма амалдары мен стратегиялары және олардың түпнұсқаға әсері, артық-кем тұстары, аудармашының гендерлік тілдік тұлғасының аудармаға әсері мен жалпы поэтикалық аударма заңдылықтары тұжырымдалды.

187-200 90
Аннотация

Ұсынылған мақалада қолданбалы лингвистиканың бір саласы болып табылатын статистикалық лингвистиканың әдістері арқылы Абай Құнанбайұлы шығармаларындағы ескі кітаби лексиканың қолданылу ерекшеліктері мен жиілігі зерттеледі. Зерттеудің мақсаты – ақын мұрасының тілдік ерекшеліктерін ашу және оның әдеби мұрасының қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі маңыздылығын ғылыми тұрғыдан негіздеу. Абай шығармаларының мәтіндеріндегі араб, парсы және шағатай тілдерінен енген сөздердің қазақ тіліне ықпалы және олардың қазіргі қазақ тіліндегі семантикалық сабақтастығы қарастырылады. Сонымен қатар лексикалық бірліктердің қолданылу жиілігі лингвостатистикалық әдістер арқылы анықталады. Абай Құнанбайұлы шығармалары – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің маңызды мұрасы. Ақынның шығармаларындағы ескі кітаби лексика қазақ әдеби тілінің дамуына ерекше ықпал етті. Бұл зерттеуде Абай шығармаларындағы кірме сөздер лексикалық және семантикалық тұрғыдан талданып, олардың жиілік көрсеткіштері анықталды. Зерттеудің өзектілігі қазақ тіліндегі кірме сөздердің қолданыс аясы мен маңыздылығын анықтаумен айқындалады. Зерттеу материалы ретінде Абай Құнанбайұлының академиялық толық жинағы пайдаланылды. Лексикалық талдау барысында 51207 сөзқолданыстан тұратын мәтін базасы құрылды. Лингвостатистикалық әдістер арқылы сөздердің жиілік көрсеткіштері анықталды, ал семантикалық талдауда кірме сөздердің араб, парсы және шағатай тілдерінен қазақ тіліне ауысуы зерттелді. Зерттеу нәтижесінде Абай шығармаларындағы ең жиі қолданылатын сөздер мен сөз таптары анықталды. Етістіктер мен зат есімдердің қолданылу жиілігі жоғары екендігі байқалды (етістік – 14956 рет, зат есім – 14119 рет). Абай Құнанбайұлының шығармаларындағы ескі кітаби лексика қазақ тілінің лексикалық және семантикалық байлығын көрсетеді. Лингвостатистикалық талдау нәтижелері ақын мұрасының ұлттық әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесін сандық және сапалық тұрғыдан дәлелдейді. Зерттеу нәтижелері қазақ әдебиеті мен тілінің даму тарихындағы ескі кітаби лексиканың маңыздылығын айқындауға мүмкіндік береді.

201-212 68
Аннотация

Бұл мақалада әйгілі фантаст жазушы Брендон Сандерсон шығармашылығында кездесетін автохтонды тілдердегі окказионализмдерді талдау ұсынылған. Окказионализмдер белгілі бір контекске немесе оқиғаға тән тілдік элементтер ретінде оның шығармаларындағы елдер мен мәдениеттердің жасалуында шешуші рөл атқарады, жазушы жасаған ғаламға шынайылық пен тереңдік қосады. Бұл еңбекте окказионализмдердің семантикасы олардың автор әлеміндегі мәдени ерекшелік пен әлеуметтік қатынастарды түсінуге ықпалымен қатар қарастырылады. Бұл құбылыс бүкіл мәтін негізінде зерттеледі, статистикалық талдауға ұшырайды және модальділік категориялар бойынша ажыратылады. Осы бірегей тілдік элементтердің жасалуында айқын көрінетін лингвистикалық шығармашылық аспектілер, олардың мәтіндегі және баяндаудағы рөлі көрсетіледі. Лингвистикалық шығармашылық авторлық әлемде танылатын және авторлық сөзді байытатын бірегей этнонимдерді, паремияларды және басқа тілдік элементтерді жасайтын авторлық идиостильде көрініс табатыны атап өтіледі, өйткені олар Б. Сандерсонның жұмысын басқа қиял-ғажайып шығармалардан ерекшелендіретін бірегей көркемдік әсерді қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Бұл зерттеу авторлық мәтінді және автор мен оқырман арасындағы қарымқатынасты түсіну тұрғысынан маңызды болып табылады.



ISSN 2411-6076 (Print)
ISSN 2709-135X (Online)